Сафа, Маруа төбелері
Сафа, Маруа төбелері

Ибраһимдей пайғамбардың заманында ертеде,

 Тірі жан жоқ, тамшы су жоқ Мекке деген өлкеде.
 
 Аптап ыстық, бір ағаш жоқ күннің көзін жасқаған,
 Құлазыған қу дала екен ешкім аяқ баспаған.
 
 Бұл Ибраһим бәз бір күні бұйырды деп Құдайым, 
Қу далаға кетті тастап сәбиі мен жұбайын. 
 
Қорек ет деп аз құрма мен азғантай су қалдырып, 
Ұзай берді Хаққа деген тәуекелі жаңғырып.
 
 Күн дөңгелеп, түн түріліп, уақыт тынбай аунады, 
Ажар менен Ысмайылда құрма мен су қалмады. 
 
Шырылдады жас Ысмайыл, су сұрайды қаталап, 
Зыр жүгірді ана байғұс, жылап жатыр шақалақ. 
 
Омырауда сүт қалмаған, бір тамызық су да жоқ, 
Жанұшыра жүгірді ана есі –дерті суда боп.
 
. Көмек қылар жан бар ма деп шықты дағы Сафаға, 
Жан түгілі жәндік көрмей қайта түсті қапаға.
 
 Үміт үзбей жәрдем келіп жететіндей бір түрлі, 
Екі өкпесін қолына алып, Маруаға ұмтылды.
 
Бір тынбады жарықтық күн жатса-дағы қуырып, 
Сафа менен Маруаның арасында жүгіріп. 
 
Кенет бір үн келіп жетті, жерден бе, әлде көктен бе? 
Жетінші рет Маруаның төбесіне жеткенде. 
 
Кілт кідіріп, таппақ болып мынау тылсым жұмбақты, 
Мұңын шағып, мінажат қып әлгі күшке үн қатты.
 
 «Күшің болса жәрдем берші, ей, дауыстың егесі...» 
Деуі мұң-ақ қылаң берді Жебрейілдің төбесі. 
 
Жерді қазып мүбарак су ағызып еді бұлақ қып,
 «“Зәм!.. Зәм!..”» деумен Ажар ана жинады оны суат қып. 
 
Алдын бөгеп, хауыз жасап, судан қана сімірді,
 Таңдай жібіп, тамыр соғып, тірлік нәрі білінді.
 
 Бірі еміп, бірі емізіп отыр екеу еңісте, 
Хабар беріп анамызға былай деді періште: 
 
«Қорықпаңдар ғайып болды жоқшылықтың зор үні, 
Мына бір жер қасиетті Бәйтуллаһтың орыны. 
 
Әкесі мен мына ұлың тұрғызады Қағбаны, 
Сол себепті Хақ Тағала осы екеуін таңдады».
 
Дегендей бір мағынада айтты да зор үкімін, 
Ғайып болды, қасиетті зәмзәм қалды құты мың.
 
Міне, содан Сағи жасау қос төбеде жеті рет 
Анамыздың машақатын сезу үшін көкірек. 
 
Хақ Тағала Қажылықтың міндеттерін етіп кең, 
«Сағиды» да сол міндеттің бірі етіп бекіткен.
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 жыл бұрын 5672
0 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209