Қарға
Бұл құс Қазақстанның барлық аймағында кездеседі. Қауырсынына күлгін немесе қара қошқыл түс қосылып құлпырып тұрады. Денесінің ұзындығы 47-50 см, қанатын жайғанда ұзындығы 100-104 см-ге дейін жетеді. Негізі қанатының ұзындығы 30 см, құйрығының ұзындығы 20 см. Салмағы шамамен 400-600 грамм. Тұмсығының жоғарғы ұшы төмен қарай иіліп, қауырсынмен жабылған. Қара қарғалар қорек талғамайды, кейде құстардың жұмыртқаларын жарып, балапандарын да жейді. Бұл құстың да өзіндік ерекшелігі сол – Алла Тағала Адам Атаның ұлы Қабылға Қарғаны дәнекер етіп өнеге көрсетті. Пенде баласы айналсына көз салса, адамға тән кейбір қасиеттерді Құдай Тағаланың құдіретімен құндақталған табиғаттан табары хақ. Бұл оқиғаның қысқаша мазмұны былай болған еді: Адам Атаның Абыл (Һабил) мен Қабыл атты екі ұлы болған екен. Абылдың ақжүректілігі мен жайсаң жанына және де басқа да артықшылықтарына іштарлықпен қараған Қабыл одан қалай құтылудың жолын қарастыра бастады. Ақыры қызғанышы шегіне жетті де, Ібілістің кеңесіне жүгінген Қабыл Абылдың басын таспен езіп өлтіреді.[1] Бұдан соң бауырының мәйітін қайда қоярын білмей әбден састы. Бұрын-соңды мұндай жағдайды басынан өткенмеген ол мәйітті ұзақ уақыт жерлемей сақтап жүрді.[2] Күндердің бір күні бір қарғаның жерді тұмсығыменен шұқып қазып, әлденені көміп жатқанына таңдана қарап тұрады да: «Әттеген-ай, осы бір қарға құрлы бола алмаған екенмін ғой»,- деп өкініштен өзегі өрттей жанды. Қарғадан көргенін жасаған ол жерді қазып, бауырының денесін жер қойнына тапсырады. Сондан бері адамзат тарихындағы алғашқы өлім дәмін татқан кісі – Абыл болып есептеледі. Ал, адам баласының мәйітті жерлеуді үйренуіне дәнекер болған құс – қарға. Бұл ақиқат аятта былай баяндалады:«Алла Тағала туысының мәйітін жасыруын үйрету үшін жіберген қарға жерді қаза бастаған кезде ол: «Әттең-ай, маған не болды?! Бауырының мәйітін көмген қарға құрлы бола алмадым ба?- деп өкінді».[3]
Бәбісек (Һудһуд)
Бәбісек (сасық көкек) – көкқарға тәрізділер отрядына жататын құс. Қазақстанның барлық жерлерін, әсіресе, далалы өңір мен өзен-көлге жақын жерлерді мекендейді. Дене тұрқы 25 – 28 см, салмағы 70 граммдай. Тұмсығы жіңішке, ұзын, желпуіш тәрізді жазылатын айдары бар. Түсі алабажақ болғанымен, өте тартымды. Бәбісек – жыл құсы болып саналады. Ақпанның аяғы, наурыздың басында ұшып келіп, тас арасына, үй шатырына ұялайды да, салқын түсе қарашаның басында жылы жаққа тартып отырады. Ол әртүрлі жәндіктермен және олардың дернәсілдермен қоректенеді. Етінің жағымсыз иісі бар. «Сасық көкек» деп аталуы осыған байланысты болу керек.[4] Бұл құстың Құранда аталуы әйгілі Сүлеймен пайғамбардың оқиғасыменен тікелей байланысты. Сүлеймен Дәуіт пайғамбардың бел баласы тұғын. Мейірімі мен айбыны, ақылы мен сән-салтанат, даңқы мен дәулеті келіскен патша-пайғамбар болатын. Алла Тағала Сүлеймен пайғамбарға құстардың тілін түсінетін қабілет дарытумен қатар, басқа мақұлықтардың да көңіліндегі дертін ұға алатындай зеректік берген. Оның патшалығындағы әскерлер әртүрлі мақұлықтардан құралған-ды. Жау жүрек жауынгерлер мен қару-жарақ, құрал-сайман сынды жер-жаһанға билік жүргізгісі келген патшаға керек нәрсенің барлығы Сүлеймен пайғамбарға берліген. Оның жындардан, адамдардан, құстардан, түрлі-түрлі жан-жануарлардан, сөйлей алатындардан, үн шығара алмайты мылқау мақұлықтардан, небір ілім иелерінен құралған қуатты әскері болған.[5]
Бір күні Сүлеймен құстардың қосынын аралап жүріп: «Оу, мен Һуд-һудты (бәбісек құсты) неге көрмей тұрмын? Әлде ол өз бетімен үшті-күйлі жоқ болып кетті ме?». «Ендеше, оны аяусыз жазалаймын, яки бірден басын аламын! Әйтпесе, ол маған өзін ақтайтын орынды себеп айтып, нақты дәйек келтіруі керек», – деді. Сүлеймен пайғамбар әскерлерімен бірге ұзақ сапарларға шыққан кезде бәбісекті бірге алып жүретін. Себебі, оның мойнына жүктелген міндет сол – әскерлер шөл далада қаталап су іздеген кезде жер асты суын шығару үшін қай жерді қазу керек екендігін айтып беру болатын. Себебі, оған Құдай Тағала оған жер бетіне қай жердің суы жақын екендігін біле алатындай қабілет берген.[6] Бәбісек айтқан жерді қазып, суға мейлінше шөлін қандырған әскерлер жорықтарын жалғастырып кете беретін. Сүлеймен пайғамбардың Һуд-Һудты іздеуі де сол сәтке, сол бір міндеттің атқарылуына тура келіп еді. Міне, ол жоқ... Содан көп ұзамай-ақ, (Һуд-һуд келді де Сүлейменнің дәргейіне бас ұрып, аяқ-астынан жоғалып кетуінің себебін баяндады): «Мен расында да, саған беймәлім бір істің жайын білдім. Мен саған Сәбә жерінен аса маңызды һәм рас екендігі күмәнсіз хабар алып келдім». «Сәбә елінде бір әйелдің патшалық құрып, бүкіл елді билеп отырғанын көрдім. Бір өзіне (нағыз патшаға нәсіп болатын) нәрсенің бәрі беріліпті. Сондай-ақ оның үлкен тағы бар екен (соған қарағанда, билігі бекем, пәрмені күшті екені анық)». «Алайда, оның да, қауымының да құдіреті күшті Аллаға емес, күнге табынғанын көрдім. Шайтан олардың сондай теріс істерін өздеріне кереметтей етіп көрсетіп, тура жолдан тайдырған екен. Сондықтан да, олар өздігінен тура жолды табар емес». «Әйтсе де, көктер мен жердегі жасырын нәрсенің бәрін жарыққа (һәм ондағы тіршілік иелерінің бәрін жоқтық түнегінен жарық әлемге) шығаратын, сондай-ақ, іштеріңе бүккендеріңді де, жария еткендеріңді де толық білетін бір Аллаға сәжде етуі керек емес пе?!». «Өйткені, Алла – Одан басқа құдай жоқ! Ол – ұлы Арштың Раббысы!». Сүлеймен оған: «Рас айттың ба, жоқ, әлде өтірікші кәззәптардың бірімісің? Оны әлі-ақ көреміз», – деді. Содан соң: «Мына хатымды алып бар да олардың (Патшайым мен кеңесшілерінің) алдына таста. Содан кейін оларды жайына қалдыр да бұл хатқа не дейді екен һәм қандай шешімге келер екен соған назар сал»,– деп бұйырды...». Сүлейменнің алдында шырылдап есеп беріп тұрған бұл құстың аты Құранда Һуд-Һуд деп келген. Өйткені, оның көмейінен «һуд-һуд» деген дыбыс шығады. Ал, атамыз қазақ оны Бәбісек немесе Сасық көкек деп атайды.
Бөдене (Сәлуә)
Тәпсірші ғалымдарымыздың айтулары бойынша Мұса пайғамбар Исрайыл қауымын перғауынның құлдығынан құтқару үшін жаппай соңынан ертіп, елсіз шөлге қашып шығады. Мысыр билеушісімен араларына жік түскен соң, ол жаққа қайта аяқ басуға еш мүмкіндік болмады. Осылайша елсіз жерде ел болып көшіп-қонып жүрді. Олар күні бойы тоқтаусыз жүріп, түнде жеткен жерлеріне жантая кетіп дем алып алатын да, таң алагеуімде кешегі күнді қайталап жаяулап-жалпылап тағы да тартып отыратын. Бір күні Мысыр мен Шамның арасын алып жатқан Тиһ шөліне келген кезде Мұса пайғамбарға шағымданған қауымы: «Ойпырмай, тәнімізді табадағы еттей қуырып бара жатқан мына күнді қалақалайтын лыпа бар ма? Шөлден кеберіп бара жатқан таңдайымызды жібітіп, ұлардай шулап тұрған асқазанға ас тауып бермейсің бе?»,- деп жанын қоймады. Сонда Алла Тағала олардың төбелеріне шарбы бұлттардан көлеңке жасап, үстілеріне кисін деп киім түсірді. Мұса пайғамбар құдіретті таяғымен тасты ұрғанда ол жерден сыңғырлап бұлақтар аға бастады. Одан соң олар өмірі дәмін татып көрмеген «мәннә» және «сәлуа» деп аталатын ерекше тағам тарту етті. Мәннәнің қандай тағам екендігіне байланысты әртүрлі көзқарастар айтылғаныменен оның адам жанына жағатын, қуаты мол тағам екендігі айтылады. Ал, «сәлуа» дегеніміз кәдімгі құс.[7] Бұл құс бізде Бөдене деген атпен танымал. Кей тәпсіршілер бұл құстың пісіп, жеуге дайын түрде түскендігін алға тартса да, көпшілік ғалымдар оларға тірідей келгендігін, және де олар оны ұстап, өз қолдарымен бауыздап жегендіктері айтылады.[8] Бұл құстың қандайлығы жайында нақты көзқарас болмағаныменен, ғалымдардың көпшілігі бөдене немесе кептер тәріздес құс болғандығын алға тартады.[9] Бұл Бақара сүресінде былай делінген: «Сонымен қатар, (Тиһ шөлінде) төбелеріңді бұлтпен көлегейледік. «Өздеріңе ризық етіп бергендеріміздің адалынан, пайдалысынан жеңдер!», – деп сендерге ризық ретінде «мәнна» тәттісі мен бөдене құсын түсірдік. Алайда олар (осынау нығметтердің қадірін білмей шүкіршілік айтудың орнына күпірлік ету арқылы) Бізге емес, тек өз-өздеріне қиянат жасаумен болды».[10]
Құранда аты нақты аталмаған құстар
Құранда кейбір құстардың аты аяттарда нақты берілмеген. Бұл құстардың қандайлығы, қайсібір құсқа ұқсайтындығы жайлы пайғамбарымыздың хадистері мен осы аяттарды тәпсірлген ғалымдардың еңбектерінен байқаймыз. Мысалы, Әли Имран сүресіндегі құстарға байланысты аят былайша түсіндіріледі: Бір күні Ибраһим пайғамбар өзеннің жағасынан өтіп бара жатып жағасында өліп жатқан хайуанға көзі түседі. Оның етінен толқынмен ағып келген балықтар тістеп, үзіп кері қайтып отырса, толқын кеткенен соң құстар келіп шоқып жеп жатқандығын байқап ойға кетеді. Әртүрлі мақұлықтың асқазанында кеткен бұл өлікті Алла Тағала ақырет күні қалай тірлітеді екен? Ол енді дереу Алла Тағалаға дұға жасап: «Уа, Раббым! Жұлым-жұлымы шығып жоқ болған мына мақұлығыңды тірілтетініңе күмәнім жоқ, алайда, жүрегімнің мейілінше иманға толып, Құдіретіңе деген құрметінің орныға түсуін қалаймын. Өліктерді қалай тірілтетіндігіңді көрсетші?!- дейді. Сонда Алла Тағала оған: «Төрт құсты алып, өзіңе жақсылап үйір қыл. Сонан соң оларды сойып, еттері мен сүйектерін араластыр да, бірінен бірі алыс тау-төбелердің басына апарып көм. Сосын оларға таныс даусыңмен аттарын атап шақыр, сол кезде олар саған жетіп келеді»,- дейді. Ибраһим пайғамбар Алла Тағаланың бұйырғанын қаз-қалпында жасайды да, құстарды шақырғанда төртеуі де алдына келіп тұрады.[11] Құранда бұл былай баяндалған: «Бірде Ибраһим : «Уа, Раббым! Маған өлілерді қалай тірілтетініңді көрсетші», – деп өтінген еді. Алла оған: «Сен сенбейсің бе?», – деді. Сонда Ибраһим: «Әлбетте, сенемін. Бірақ (өз көзіммен көріп, көңілім жай тауып) жүрегім орнына түссін деймін», – деді. Сол кезде Алла оған: «Ендеше, әртүрлі төрт құсты ұстап ал да оларды қолға жақсылап үйрет. Содан кейін оларды сойып, боршалап, бір-бірімен мидай араластыр да төртке бөліп, әр таудың шоқысына апарып қой. Содан кейін оларды шақыр, сонда олар алдыңа лезде жетіп келеді. Біліп қой, Алла Азиз (ұлық, бәрінен үстем) һәм Хаким (әр ісі мен әрбір үкімі хикметтерге толы болған асқан даналық иесі)».[12] Ибраһим пайғамбардың қандай құстарды сойғаны жөнінде әртүрлі пікірлер айтылады. Бір риуаяттарда әтешті, кептерді, тауысты, қарғаны сойғандығы айтылса, басқа деректерде тауысты және қанат-құйрықтары бір-бірінен өзгеше, аты да заты да бір-біріне ұқсамайтын құстардың алынғандығы айтылады.[13]
Сондай оқиғаның бірі, Иса пайғамбарды Алла Тағала Бәни Исрайыл қауымына елші етіп жібереді. Ол кезде Исрайылдықтардың арасында медицина өнері дүркіреп тұрған еді. Әр дәуірдегі пайғамбарлар өз қауымына мұғжиза көрсетіп, ғылымда олар жеткен деңгейден асып түсіп отырғаны секілді Иса пайғамбар да оларға көрлердің көзін ашып, өлілерге жан бітіру арқылы бұрын-соңды болмаған мұғжиза көрсетті. Және ол бір күні оларға: «...Шүбәсіз, мен сендерге Раббыларың тарапынан (хақ пайғамбар екенімді көрсететін) айдан анық белгімен (мұғжизамен) келдім. Мен сендерге батпақтан құстың бейнесіне ұқсас мүсін жасаймын да, содан соң оның ішіне үрлеймін, сонда ол Алланың қалауымен бірден тірі құсқа айналады...»[14] деді, сол кезде қасарысқан қауымы: «Сен онда біздерге жарғанатты жасап, ұшырып көрсет»,- деді. Өйткені, олар құстардың ішінде жарғанатты таңдай қақтыратын тамаша жаратылыс деп санайтын. Ол батпақтан құстың мүсінін жасап, оған «Алланың әмірімен самға» деген кезде, әлгі құс заулап алып жөнеледі.[15] Бұл құстың жарғанат тәріздес құс болғандығы кейбір тәпсір кітаптарында айтылғаныменен, ол деректердің негізсіз исраилият[16] хабарларына жататындығы айтылады. Десе де, Иса пайғамбардың балшықтан құс жасап ұшырып мұғжиза көрсеткендігі аятта келгендей анық нәрсе...
Құстар жайлы қозғалған аяттардың тағы бірі Юсуф сүресінде кездеседі. ...Юсуф пайғамбардың бала кезінен бастап басына небір бәле-жалалар келіп кетіп жатқан күндердің бірі еді. Жылдан-жылға жалғасып жатқан ауыр күндерді артқа тастай отырып қабырғасы қатып, бұғанасы бекігенде жалған жаламен зынданға түседі. Жарық дүниеге Алланың атын дәріптеу үшін көзін ашқан ол зынданды да медресе халіне айналдырып, ондағыларға Құдайға жасайтын құлшылықты үйретуден тынбайды. Оның көркем мінезділігін, адамдар арасын бөліп-жармай жақсы қарым-қатынас жасайтын жан екендігін көрген зындандағылар да оған бауыр басып, емен-жарқын әңгімелесетін. Онымен бірге зынданда жазасын өтеп жатқан екі жігіт бар тұғын. Бірі кезінде Мысыр патшасының азық-түлік қоймасының басшысы болған, ал, екіншісі болса патшаға әртүрлі жемістерден шарап дайындайтын кісі еді. Ол екеуіне патшаның тамағына у қосып беріп, өлтіргілері келді деген айып тағылып, содан бері күн көзін көрмей жатқандарына біраз болған. «...Бір күні олардың бірі: «Түсімде жүзім сығып шарап жасап жүр екем», – десе, екіншісі: «Мен, төбеме нан көтеріп алыппын әрі оны құстар шоқып жеп жатыр екен деймін», – деп, көрген түстерін Юусуфке айтып берді...».[17] Олардың дегендерін тыңдаған Юсуф өзіне берілген түс жору қабілеті арқылы түстерінің мән-мағынасын баяндап береді... Құранда айтылған құстардың бірі осы аятта келген. Алайда, бұл құстың нақты қандай құс екендігі беймәлім. Дегенмен, тәпсірші ғалымдар бұл құстардың жабайы, жыртқыш құстар екендігін айтады.[18]
«Әбәбил» қандай құс?
Ислам тарих кітаптарында баяндалғандай миләди жыл санауы бойынша 571-жылы, мұхаррам айында Әбараха атты Иемендік қолбасшы қасиетті Қағбаны құлатпақ болып пілдерден тұратын әскер жасақтайды. Оның бұл қадамға баруы арабтардың маңдайына нығмет ретінде берілген Қағабаны қызғануынан туған еді. Әбраха Махмұт атты үлкен пілді бас қылып, жер қайыстырған қолмен Меккеге таман келді. «Әскер шабуылға енді кірісейін деген сәтте Әбраханың бағдар көрсетуші, жолбасшысы Нуфайл ибн Хабиб есімді адам алып піл – Махмұттың құлағына иіліп сыбырлады:
―Шөк Махмұт, шөк. Аман-есен тұрғаныңда келген жолыңмен кері қайт. Сен Аллаh тарапынан қасиетті саналған аймақтасың! Осылай дейді де өзі тауды бетке алып кетіп қалады. Нуфайлдың сөздерінен соң піл тұрған жерінде шөкті, әскерлер оны қанша тұрғызбақ болса да орнынан жылжыта алмады. Йеменге бағыттап айдаса, ештеңе болмағандай шабатын піл, Шамға қарай да, Шығысқа қарай да қайқаңдай жөнеледі. Бірақ, бетін Меккеге бұрғанда әл-дәрмені біткендей шөгіп жата қалады. Ел-жұрт бұл оқиғаға таң-тамаша боп аңтарылып қалды».[19] Осы сәтте Алла Тағала олардың үстілерінен лек-легімен аспан мен жердің апшысын қуырып, қанаттарымен дауыл тұрғызған құстар тобын қиқулатты. Олар ауыздарына тістеп, тырнақтарымен шеңгелдеп алған тастарын Қағбаны құлату ниетімен келгендердің үстіне жаудырып кеп жіберді. Бұл Құранда былайша баяндалған: «Раббыңның пілдермен келген әскерге не істегенін көрмедің бе?! Олардың айлаамалдарын түкке тұрғысыз етіп, іске асырмай тастамады ма?! Төбелеріне топтоп болып ағылған құстарды жіберді. (Ол құстар) оларға піскен топырақтан тас жаудырды. Ақырында оларды (құрт жеп) шұрықтесік болған егістік жапырақтарындай қылды». Аталған құстар кейбір Құранның мағыналық аудармаларындда «Әбәбил құстары» деп аударылған. Алайда, «әбәбил» сөзі құстың аты емес, сипаты екендігі тәпсір кітаптарында айтылады. Мәселен, әйгілі сахаба Ибн Аббастың шәкірті болып саналатын табиғин ғалымы Мұжаһид «әбәбил» сөзін, «лек-лек» (زُمَرًا زُمَرًا) яғни, көп құстар» деп тәпсірлеген.[20] Ал, Табари болса өзінің «Жәмиғул Бәян ан тәуили әийл Қурән» атты еңбегінде «әбәбил сөзі «топ-топ», «бірінің артынан бірі ілескен көпшілік» деген мағынамен бірге, «келе-келе түйелер» деген сияқты көптікті білдіреді»[21] деген. Имам Рази да бұл сөзді жоғарыдағы түсіндірмелерге мағыналас «Бірінің артынан бірі, ана жерден, мына жерден көрінген топ» деп тәпсірлеген.[22] Осылай тәпсірлерді тәпіштеп қарай берсеңіз ешқайсында «әбәбил» атты құстың бар екендігі айтылмаған. Тек қана кейбір сөздіктерде «әбәбил» атты тау қарлығашының бар екендігі айтылғандықтан, және бұл құстар жайлы «қарлығаш сықылды», «тұмсықтары иттің тұмсығындай» деп келген риуаяттарға қарап, «әбәбил құстары» деп қабылдаған кісілер де бар. Алайда, тәпсірші ғалымдарымыздың ешбірі бұл құстың аты, немесе құстың ерекеше бір түрі демеген. Османлы ғалымдарының шоқ жұлдызы болған Елмалылы Хамды Иазыр бұл мәселені өзінің тәпсірінде былай дейді: «...Тәпсіршілеріміз «әбәбил» сөзін құстардың ерекше бір түріне байланысты таңылған есім емес, әрқайсысы топ-топ, бөлек-бөлек, ығы-жығы болып келген құстардың сәтін, жағдайын (حال) сипаттайтын сөз деп түсіндірген. Сондай-ақ, аяттың өзі бұл құстардың белгісіз құстар екендігіне ишарат жасап тұр деген пікірменен, бұл сөзді өзінен бұрын келген طيرًا «тайран» сөзінің мағынасын ашатын сөз (عطف البيان) деп түсіну дұрыс емес. Ал, бұлардың қарлығашқа ұқсауы және тұмсықтары иттікіндей деп Ибн Аббастан (р.а) сынды сахабалардан келген риуаяттар бұл құстардың мейлі түр-түсі болсын, мейлі көлемі жағынан болсын әртүрлі екендіктерін білдіреді. Олай болса «Әбәбил» сөзін қарақұстар мен құзғын-құмайлар сынды жемтіктердің үсітінде бір-бірін жұлып жеген алып құстар мен қарғалар сынды көлемі жағынан орташа және шыбын-шіркей аулап жеген қарлығаштар сынды ірілі-ұсақты, қызылды-жасылды, бірінің артынан бірі ұшып келіп отырған құстар деп түсінген дұрыс болады. МІне осындай құстардан құралып құйын сынды құйғыта жеткен құстар легінің шабуылы олардың басына бұрын-соңды болмаған бәле жаудырды».[23] Байқағанымыздай, тәпсірші ғалымдардың басы Мұжаһидтен бастап, заманауи тәпсіршісі болып табылатын Елмалыға дейінгі ғұламалар «Әбәбил» сөзіне осылайша мағына берген екен. Ең дұрысы Аллаға мәлім.
Айналаға көз салып, ой жүгірту – Алла Тағаланы танудың бірден-бір жолы. Ақылды адам ешқашан ойсыз-қамсыз жүрмесі анық. Сыбдыр еткен қурай да, сыңғыр еткен бұлақ та ол адам үшін әдеттегі нәрсе емес, Жаратушысының хикметін көрсететін айна іспетті. Ол айналасындағы болып-біткен оқиғаларға ойлы көзбен қарап, нұрлы ақылымен сарапқа салады. Оның жүрегіндегі табиғатпен үйлесім тауып тұрған сезімдері түптің-түбінде Жаратушысына жетелеп, оған деген шүкіршілікке бастары хақ. Сол кезде ғана ол құлшылықтың дәмін сезіп, «әлхамдулилләһтарына» мән кіре бастайды. Ендеше, Алла Тағала көгімізді тілімдеген көк еркелеріне ойлы көзбен қарап, құдіретіне бас ұрудан мақұрым етпесін.
[1] Фахруддин әр Рази «Мәфәтихул Ғайб» 11\214
[2] Шәмсуддин ал Қуртуби «Жәмиғул әхкәмил Қурән»6\141-142
[3] Мәидә сүресі, 31-аят
[4] Қазақ Энциклопедиясы
[5] Ибн Кәсир «Бидая уан Ниһая» 2\23
[6] Ибн Кәсир «Бидая уан Ниһая» 2\25
[7] Фахруддин әр Рази «Мәфәтихул Ғайб» 1\406
[8] Әбу Ләйс әс Самарқанди «Бахрул Улуум» 1\54
[9] Жәрир әт Табари «Жәмиғул Бәян ан тәуили әийл Қурән» 2\96
[10] Бақар сүресі, 57-аят
[11]Әбу Ләйс әс Самарқанди «Бахрул Улуум» 1\174
[12] Бақара сүресі, 260-аят
[13] Әбу Ләйс әс Самарқанди «Бахрул Улуум» 1\174; Ибну әби Зәмнин әл Мәлики «Тәфсирул Қурәнул Азиз» 1\256; Әл Мәуирди «Әннәкту уәл Ъуюун» 1\334
[14] Әли Имран сүресі, 49-аят
[15] Әбу Ләйс әс Самарқанди «Бахрул Улуум» 1\214
[16] Исраилият – кітап иелерінен (яһудилер мен християндар) келген ақпараттар
[17] Юсуф сүресі, 36-аят
[18] Бағауи «Мағаалимут Тәнзил фи тәфсирил Қурән» 4\241
[19] Д. Өмірзақ «Адамзаттың асыл тәжі» 51-52 беттер
[20] Мужәһид ибн Жәбр әт Тәбиғии «Тәфсирул Мужәһид» 1\749
[21] Жәрир әт Табари «Жәмиғул Бәян ан тәуили әийл Қурән» 24\605
[22] Фәхруддин әр Рази «Мәфәтихул Ғайб» 32\292
[23] Елмалылы Мұхаммед Хамды Иазыр «Хақ дини Куран дили» 9\453