Қу дүние түсіріпті торына (Қажылық өлеңінiң жалғасы)
Қу дүние түсіріпті торына (Қажылық өлеңінiң  жалғасы)

Ихрамдыға толған Мекке қаласы, 

Жер танытпас қалың көптің арасы. 
Қарап жүріп күйісімнен жаңылдым. 
Болған шақта сәске онның шамасы. 
 
Қонақ үйден келген көше бойында, 
Шаштараз бар шаш алдыру ойымда. 
Осыдан соң тамам болып умрам
 Хаж уақытын күту қалады мойында. 
 
Деп түйдім де келген ойды саралап. 
Тартып кеттім көп кісіні аралап.
 Бырши терлеп аяқ басып келемін,
 Бір даңғылдың оң қапталын жағалап. 
 
Мына бейнет бұзар ма екен құлқымды?!
 Таппай келем қазақ-қырғыз жұртымды, 
Африкандық ағайындар айналам,
 Азияттар көрінбейді біртүрлі. 
 
Қысқа адым өндіре ме жүрісті, 
Кім сілтемек дұрыс пенен бұрысты? 
Бар құралым қонақ үйде қап қойған, 
Тіл білмеймін шындап шекем тырысты. 
 
Келген жолмен кері қайттым «Харамға», 
Апыр-ай мен өз ортамды табам ба? 
Халық толы болса-дағы жан-жағың,
Тіл қата алмау қиын екен адамға.
 
 Өзектегі отты басып суменен, 
Балбырады қатып қалған қу денем. 
Көк бешпентті қазақ көзге түсер ме 
Арасынан мына жұрттың гулеген.
 
 Ұғар екен бұл қазақтың халын кім? 
Қысылғанда аяп тұрар барын кім? 
Менің барым Алла ғана дедім де
 Қолым жайып дұға етіп жалындым:
 
 «Ей, Аллаһым, саған ғана шешілем,  
Амалымның несі артық, несі кем?
 Көрсет маған Өзің тура жолыңды
 Қалып қойдым қазақтардың көшінен».
 
 Дедім, бірақ жоқпын аса қиналған, 
Өз жұртымды табарыма иланғам.
 Адасудың қатерлісі алайда 
Қалыс қалып кету діннен, иманнан. 
 
Сапар ұзақ алдымыздың бәрі асу, 
Болмас онда бүгінгідей жан ашу. 
Бір түсіндім қандай қайғы екенін 
«Ислам» атты ұлы көштен адасу. 
 
Намаз оқып қайта шықтым мешіттен, 
Дұғама да жауап алдым кешікпей.
 Анау қырда желбіреп тұр көк туым 
Айналасы ауыл-аймақ бесіктей. 
 
Беттеп келем көк туыма көңілді,
Одан сайын сүйіп кеттім өмірді. 
Көк жалаудан ары таман өткен соң, 
Ұзын сонар жайма базар көрінді. 
 
Ыстық күнге қарамастан қақтаған, 
«Көк базарға» көк бешпенттер қаптаған. 
Мұнда екен ғой қазақтарым қайтейін, 
Мешіт ішін шарлап жүріп таппаған. 
 
Жылтыр базар жайылыпты жолыңа, 
Оңыңа да, мейлі қара солыңа. 
Қазақтарды «қажы» болам деп келген, 
Қу дүние түсіріпті торына. 
 
Иман биік тұрған шақта құламай, 
Ислам жанып тұрған заман шырадай. 
Әбу Бәкір заманында болыпты 
Ғибраты мол бір оқиға мынадай.
 
 Ол адамдар көрмеуші еді құбылып, 
Әр қадамы бір қорқыныш, бір үміт. 
Әбу Бәкір бір күн сондай жылапты
 Болғаннан соң бір кесе су сіміріп.
 
 Бұл кісінің меселін кім құлатты?
 Деп достары, қойды бірден сұрақты. 
«Бауырым-ай, сабыр етіп аз ғана
 Айтшы сені қандай нәрсе жылатты? 
 
Деген кезде «Сендерге не айтамын? 
Қорқам, бәлкім тұнығымды шайқадым 
Мен бір күні ишарамен Нәбидің(с.ғ.с.)
Әлденені итергенін байқадым. 
 
Жүзі тұрды абыржулы құбылып,
 «Ол не екен» деп мен де тұрдым үңіліп, 
Сонда Нәби (с.ғ.с.) «Қу дүние ғой өзін кеп
 қабылдатып кетпекші екен бұғынып. 
 
Менен аулақ дегенім ғой жаңағы» 
Деген сөзін естіп едім баяғы. 
Сол дүние су боп келіп бір кесе 
Бәлкім, маған біршамалау таяды...» 
 
Пайғамбардың досы қалай жаңылмақ, 
Деген жан ғой қара - қара, ағыңды ақ. 
Егіліпті бір-ақ кесе су үшін 
«Бар дүниені қойдым ба» деп «қабылдап» 
 
Қазағым ғой көңіл қалай суысын,
 Бәрі өзімнің қарға тамыр туысым. 
Дүниеге бұрынғылар бас тартқан 
Толтыра алмай әуре боп жүр уысын.
 
 Естен кетіп Пайғамбардың (с.ғ.с.) ақылы
 Бай болсам деп бұл үмметтің пақыры. 
Сұм дүние адамдардың әйтеуір 
Әлсіз жерін тапты ма екен ақыры?! 
 
Айта берсең жүрегіңе жүктеп мұң, 
Қашан, қалай, қай уақытта бітпек мін?.. 
...Шашымды алдым, умрамды аяқтап,
 Шүкір енді Хаж уақытын күтпекпін...
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
9 жыл бұрын 4266
2 пікір
  • Иә әрине өкінішті... Осындай өлеңдеріңізбен біздің иманымызды арттырып, жанымыз бір жақсылыққа толып қалады. Рахмет.
    9 жыл бұрын
  • Қазақтарды «қажы» болам деп келген,
    Қу дүние түсіріпті торына.
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209