Осылай дұға жасай аласыз ба?
Осылай дұға жасай аласыз ба?
Сүп-сүйкімді кішкентай бала теңіз толқындарынан көз алмай қатты да қалды. Бір нүктеге қадалып, жанарын жыраққа жіберіп отырғанына бір сағаттан астам уақыт болды.  Бір орында тапжылмай отырған кішкентай ұлдың отырысы қарт балықшының назарын аударды. Ол баланың қасына байыппен жақындады да:
 
 – Қалың қалай балақай, бүгін теңіз сондай тамаша болып тұр, байқаған шығарсың, - деді. Бала мойын бұрмастан:
 
 – Бірақ, сондай асау, аласұрып жатыр. Добым түсіп кетіп еді, көз жетпейтін жыраққа алып кетті -деп жыламсырады. Қарт қасына таман таяп келді де: 
 
– Егер қылшылдаған жас күнім болғанда теңізге қойып кетіп, добыңды алып берер едім. Өкінішке орай, қазір жүзбек түгілі, қара жерде қадам басып жүруімнің өзі қиын болып барады,- деді күрсініп.  Сөйтті де баланың жанына жайғасып: 
 
– Доптар сондай "тентек" қой, басқа жаққа қашып кетуге мүмкіндік іздеп жүреді, алайда еш үмітіңді үзбей, Алла Тағаладан добыңның қайтып келуін сұрап дұға жаса,- деді баланың көңілін аулап. Балақайдың бетін моншақтаған мөлдір жас жуды. Дауысын шығармай тұншыға өкісіп-өксіп алған ол:
 
 – Дұға жасасам добым қайтадан келеді ме?- деді үміттене, – қайтып келгеніменен бұл жерді қалай табады?
 
  – Алла Тағала қаласа сені добың өзі-ақ тауып келеді, ал, егер добың сені таба алмаса жасаған дұғаңның сауабын аласың. 
 
Жаны жамандыққа қас жарықтық бала осыны ести сала атасы жаттатқан қысқа сүрелерді бірінің артынан бірін зуылдатып оқи берді. Сүрелерді бірнеше мәрте қайталап оқып болды да, добының қайта оралуын сұрап дұға жасады. Солай болса да, көңіліндегі қимастық сезімі тарқамай қойды. Қаншама мерекелерге жұмсайтын ақшаларды жинап жүріп сатып алған добы болған соң ба, көңілі әлі тыншыр емес. Ендігі бар үміті – желдің қарсы бағытқа қарай соғып, теңіздің кері қарай толқуы еді. Әй, қайдам...теңіз қандай алпауыт болса, добы сондай кішкентай ғой. Тайқазанға тасталған тары секілді болған добы осыншалықты үлкен теңізден қайтып орала қояр ма екен?.. 
 
Күн батуға таяған шақта теңіз жағалауы тыныштыққа оранғандай болды. Осы сәтті күткендей балықшылар да заттарын жинап, қайтуға ыңғайлана бастады. Кішкентай бала үйіне қайтқысы келмей, қарт балықшының қасында айналшықтап жүр. Теңіз жағасы аулар мен ұзынды-қысқалы қармақтарға толып кетті. Осы кезде қарт та әдеттегідей теңізді жағалап келе жатып, үйіне жиналып жатқан бір балықшының қасына келді де:
 
 – Ауыңызға Алланың қалауымен біраз олжа жиналған секілді ғой. Мүмкін болса бірнеше киллограм балық алайын,- деді. Балықшы қасында тұрған кішкентай шелекті нұсқап:
 
 – Тек қана ана шелектегі бұйырды. Теңізде ау салып қырып алатын да ешнәрсе қалмады ғой,- деді мұңайып. Сол сәтте кішкентай баланың 
 
–Шіркін-ай, дұға жасағаныңызда ғой,- деп шаңқ еткен үні есілді, артынша: – Байқаңыз, ешқашан үміт үзуге болмайды,- деді көздері күлімдеп. Балықшы жалт қарағанда қарсы алдында өзіне бірнәрселер үйреткісі келіп тұрған кішкентай баланы көрді. Балықшы табиғатындағы салқын қандылығы мен басқаларға ақыл айтып, өзгелерден ақылын тыңдауды жөн көрмейтін мінезіне салып үнсіз қалды. Дегенмен, кіп-кішкентай болып тақылдап тұрған баланың сөздері кәдімгідей әсер етті. Дұға жасау...Жылдар бойы ойына еш кіріп-шықпаған нәрсе... Сәлден соң:
 
–  Ым...дұға жасауым керек екен ғой, сол кезде көп балық ұстайсың дейсің ғой,- деп мысқылдады. Балақай ақкөңілдігінен айнымай:
 
 – Егер ұстай алмасаңыз, сол дұғалардың сауабына ие боласыз. Мұны жаңа ғана білдім,- деді. Балықшы біраз уақыт үндемей отырды. Ішінен не ойлап отырғаны айтпаса да түсінікті еді. Содан соң бірден басын көтеріп:
 
 –Мен де жаңа кіп-кішкентай ұзтаздан жаңа ғана білдім,- деп күлімсіреді. Кішкентай бала балықшының көтермелеп айтқан сөздерін шын санап шаттанып қалды. Қуанғанынан добының жоғалғаны да есінен шығып кетті. Жанындағы қарт балықшы оған көз тастап еді, балақай ұялып көзін төмен салды. Сол сәтте әлгі балықшы умаждалып жатқан аудың ар жағында теңкиіп жатқан үлкен жәшіктің аузын ашты. Ішінде бір доп бар еді. Су-су болып қалғандықтан аздап желі азайып қалған футбол добы... Балықшы ол допты балаға ұстатты да:
 
 – Ұстаздардың ақысы ешнәрсемен өтелмейді, бұны жаңа ғана теңізден тауып алдым,-деді. Кішкентай баланың көзі атыздай болды. Бұл түсі емес, өңі. Солай болса да, түс көріп тұрған адамдай таңырқап қалды. Допты қолына ала бере айналасына тағы да бір көз тастады. Иә, бәрі рас, ешқандай түс емес. Балықшы да, қарт кісі де, үлкен жәшік те... Ал, добы болса, мінекей, қолында. Оны қатты қапсыра құшақтап алды да:
 
 – Ендігәрі, менің рұқсатымсыз қыдыруды қоясың. Пәлі, дұға жасамасам не болатын еді?.. [1]
 
 
 
[1]  "Хаятын ичинден", Жунейд Суави
 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
10 жыл бұрын 6136
14 пікір
  • Жүнейд Суавидің əңгімелері ұнайды. Шебер аударыпсың Ермек інім. Өзің де осындай əдемі туындыларды дүниеге əкелгейсің.
    10 жыл бұрын
  • Иә аға, өте жақсы әңгімелер...Иншалла, ұқсап бағуға тырысып жатырмыз.
    10 жыл бұрын
  • Эрнест Хэменгуэйдің әсері бар қолтаңбаңда (адурманы айтып отырмын), десе де, қазақ "жарықтық( сөзін марқұм болған адамға қолданушы еді... ескере жүрерсің дегенім ғой
    10 жыл бұрын
  • Рахмет, аға, енді есімде ұстаймын иншалла, Алла разы болсын сізге, тағы да ескертулер күтемін!!!
    10 жыл бұрын
  • Оқыған кісілер де сабақ алса деп "жарықтық" сөзін осы блогтұғырда өзгертпестен қалдырдым аға, басқа жерде міндетті түрде басқа сөзбен берем....
    10 жыл бұрын
  • эрнест хэменгуэйдің стилі - телеграфтық. Сенікінде сарыны бар. Тұңғиық жазушы ғой ол
    10 жыл бұрын
  • Саттар бауырым бүкіл əлем əдебиетінің жілігін шағып, майын ішкен ғой. 150 - ге жуық əртүрлі ірі-ірі кітаптарын оқып шығыпты.
    10 жыл бұрын
  • Машалла, Саттар аға біздің жазғанымызды оқып жатса, онда біздерді Алла бақытты қылған екен... көп рахмет, Саттар аға, кеңесіңізге әлi де ынтықпыз....
    10 жыл бұрын
  • Иә, Саттар ағамыз әлі толық зерттеліп бітпеген материк, қазынаға бай кеніш қой! Ол кісінің бізге бергенінен берері көп. Алла разы болсын!
    10 жыл бұрын
  • Эрнест Хеменгуейдiн кандай еңбегін оқуға кеңес бересіз аға?
    10 жыл бұрын
  • бәрін, соның ішіндн "прощай оружиесі" альбер камю, франц кафка, томас манн осыларды оқыңдар алдымен
    10 жыл бұрын
  • өтінемін, оқыңдар
    10 жыл бұрын
  • Рахмет, аға, оқимыз иншалла!!!
    10 жыл бұрын
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209