Оймақтай ой....
Оймақтай ой....
Хайуанаттар бақшасы... шыжыған күннің астында күйсеген аруананың бауырында үйездеп тұрған сүп-сүйкімді ботасы кенеттен: «Анашым, сізге бір сұрақ қойсам бола ма?» деді. «Әрине, ботақаным, неден тартынасың? Қандай сұрағың болса да қорықпай сұрай ғой» деп жауап берді анасы. Сонда ботасы: «Неге бізде үлкен екі өркеш бар?» деп сұрады. Анасы: «Біздер шөл далаға лайық жаратылған хайуандармыз. Сондықтан да, қос өркешімізге су жинап аламыз дағы, қандай аптап ыстық болса да сусыз жүре береміз. Біздердің құдіреттілігіміз де осында». «Ал, не үшін біздердің сирақтарымыз ұзын, табанымыз доп-домалақ, әрі жеп-жеңіл?». «Балақайым, бұл біздердің кең сахарада шаршамай жүруіміз үшін». «Жақсы, ал, неге біздердің кірпіктеріміз ұзын? Кей-кездері көруіме әжептәуір кедергі болады» деп жымиды. Анасы да, ботасының аңғал көңілінен шыққан алаңсыз сұрағына кеңкілдеп күліп алды да: «Әй, ботақаным-ай, бұл ұзын кірпіктер көзімізге зиянды нәрселердің түсіп кетуіне кедергі болумен бірге, шөлде жүріп қатты терлейтін болсақ тердің кіруінен қорғайды, әрі, желді күні шаңның зиянынан сақтайды». Мұны естіген баласы аз-кем ойланып тұрды да: «Анашым, өркештеріміз су қоймасы іспетті болса, сирақтарымыз сахарада сайрандауға арналса, ұзын кірпіктеріміз ұшқан ұсақ құм-тастардан қорғайтын құрал сынды екен, ендеше, неге біздер кең сахарада емес, хайуанаттар бақшасында өмір сүріп жатырмыз?» деп қойып қалмасы бар ма. Тұщымды етіп жауап беруге шара таппаған анасы үнсіз қалуды жөн көрді. 
Иә, дәл осы мысалдағы секілді майталалман мамандар, парасатты білгірлер, ғалым-ғұламалар, шеберлер мен ұсталар өздеріне лайықты жерде қабілет-қарымдарын пайдаланбайтын болса, бойындағы табиғи таланты мен даусыз дарынының ешқандай мән-мағынасы болмайды. Қоғамдағы  "ана бір жер неге кем, ана тұс неге жетіспей қалған?" деген сұрақтармен бетпе-бет келген кезде біздер де үнсіз қалуға мәжбүр болып жататындығымыз сондықтан. Керемет аспазшы болатын адамның кітапханашы болып жүруі, шебер спортшы болуға лайық жаннның ғалым болуға барын салып, ғұлама болу бақытына бір қадам жақын адамның мал бағып, сауда қуып жүруі адамдар арасындағы атам заманнан келе жатқан бір індет деуге болады. «Сен де бір кірпіш, дүниеге, Кетігін тап та бар, қалан» деген Құнанбайдың құлыны осыған меңзесе керек. Әрбір, кетікке өзіне лайықты кірпішінің  қалануы – әдемілік.
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
10 жыл бұрын 4175
1 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209