Ислам әйелді "ұр" дей ме?
Ислам әйелді "ұр" дей ме?

Әйел кісіні нақұрыс надандықтың шеңгелді уысынан шығарып, басына бақ, табанына Жәннәт кілтін салып ана деген ұлы есімді иелендірген Ислам еді. Дегенмен діннің иісі мұрнына бармай, кәлимасын молдекең әрең аузына сап беріп отырып некесін қиғызып алған кейбір бәтшағарлар, жыл толмай жатып «Әйелім менің алдымдағы міндеттерін орындамады» деп міңгірлеп жүріп талақ беріп тынғанның талайын көріп жүрміз. Намаз дегенде шекесі тырыса қалатын бейшара, әйелге келгенде неге шариғатшыл бола қалды деген ойға еріксіз барасың. Сөйтсек, олардың ауыздарына сөз, қолдарына қамшы ұстатып отырған, әсіресе, қамшымен бір шарт еткізіп алу шариғатымызда бар деп даурықтырып жүргендер бар екен. Арабтардың салтындағы әйелді төмен санап, керек жерде шыңғырта шыбықпен сабап алуды біздің бейшара халық шариғаттың бұйрықтары екен деп жүр. Тіпті, оны Құран аяттарымен дәлелдеп, ардақты пайғамбарымыздың хадистерімен қуаттағылары келеді. Сондықтан болса керек, қазіргі таңда намаз оқитын еркектердің әйел алдындағы қадірі қашып, сөз ұқпайтын топас, түнде төсекке сүйрелеп, күндіз міндетімді атқар деп діңкілдейтін дүбара пенде болып бара жатқандай. Орамалына қысым жасалып, қоғамнан қорған таппай жүрген байғұстарға пана болатын еркектердің түрі осы. Қит етсе болды, «Міндетіңді орындамадың, талақ» деп тақылдайтындар қаптап барады. Олардың әйел кісі міндетін атқармады деп желеу етіп жүрген сөздерінің бірі – «Бойұсынбады». Яғни, «менің айтқанымды қыла қоймады, «әйт» дегенде жүріп, «тәйт» дегенде тұра қоймады» деген надан түсініктен туындаған, шарасыз әрекет. Міне, осылардың қате түсініктерін, «шариғатта әйелді ұруға бола ма, жоқ па?» деген сұраққа жауап бере кетуді жөн көрдік. Бәлкім, ғасырлар бойы әйелдерін доптай домалатып ұрып, сонысын ерлікке, батырлыққа балап, отағасы деген атқа лайық болу үшін осылай жасау пайда береді деп санайтын кей ағаларымыз мақаланың мән-жайын ұғынар. 

«Мен бұл қатының аузы-мұрнын бет қыламын» деді бір күні бір көкеміз. «Неге сүйеніп айтып тұрсыз, мұны?» дегенімде менің алдыма, мынадай бір аят алып келді: «Нағыз ерлер әйелдерге басшы һәм қорған. Мұның себебі, Алланың кей адамдарды кейбіреуінен әлдеқайда артық (әрі қабілетті етіп) жаратқандығы, сондай-ақ ер адамдардың маңызды жауапкершілік арқалағандығы. Ал, ізгі әйелдер Аллаға толық бағынатын және ерлерінің алдындағы міндеттерін қалтқысыз орындайтын, сондай-ақ Алла олардың құқығын қалай қорғаған болса, олар да дәл солай ерлері қастарында болмаған кезде де ерлерінің хақысын аяқасты етпей лайықты түрде сақтай білетін жандар. Әйелдеріңнің қыңырлыққа басып, бағынбай кетуінен қорықсаңдар, оларға алдымен насихат айтыңдар. Кейін (айтылған насихаттан нәтиже шықпаса), олардан бөлек жатыңдар. Содан кейін де (қыңырлығын қоймаса, ақырындап) ұрыңдар. Егер түзеліп мойынсұнса, оларға жамандық жасаудың жолын іздемеңдер, (не болса соны желеу етіп оларды ренжітпеңдер). Біліп қойыңдар, Алла бәрінен биік, асқақ һәм ұлы». Бұл аятты жаңылыс түсіндіру, яки әдейі діннен бездіру үшін сан-саққа жүгіртіп тәпсірлеудің кесірінен баз біреулердің басы қатып, кейбір жандардың әйелдерін шықпыртып алуларына бір сылтау, немесе біреулердің мұсылманшылықтан бас тартып, атеистік пікірге құлдилай құлап кетуіне себеп болды. Ең алдымен бұл аяттың төңірегінде сөз қозғаудан бұрын аяттың әлеуметтік жағдайымызға қатысты қандай нәрселер үйреткісі келіп тұрғандығын анықтап алайық. Аяттағы төл тілімізге «ұру» деп тәржімаланып жүрген «дараба» етістігінің отыздан аса мағынасы бар екенін, һәм «ұру» деген сөздің сол отыздың ішіндегі бірі екендігінен хабардар болғанымыз жөн. Әсіресе, бұл етістіктің «бет бұру», «тастап кету» деген мағынасының кең қолданылатынын білгеніміз абзал. Ендеше аяттағы «дараба» сөзі «ұру» мағынасын да ма, әлде «бет бұру», «жөніне қоя беру» мағынасында келіп тұр ма осыған бір көз салайық. 
Бұл аятты түсінуде ғалымдарымыз әртүрлі көзқарас ұстанған. 
Бірінші көзқарас. Бұл пікірдегі ғалымдар «Ниса» сүресінің 34-аятын былай деп тәржімалайды. «Ер адамдар әйелдерді қолдап-қорғап отыратын қорғандары. Бұл Алла Тағаланың әрқайсысына өзіндік ерекшеліктер бергендігінен және ер кісілердің дүние-мүліктерінен (жұбайлары) үшін жұмсауларының себебінен. Жақсы әйелдер Аллаға бойұсынған әйелдер һәм Алланың қорғауына сәйкес жалғыз қалған кезде де өздерін-өздері қорғағандар. (Отбасына жауапсыз қарап) ажырасып тастап кетуінен қорыққан әйелдеріңе үгіт-насихат айтыңдар, төсектеріңді бөлек салып (жатыңдар), өз беттерінше қоя беріңдер. Осыдан кейін сендерге деген құрметі қайта қалпына келіп, сабасына түсер болса, оларға қарсы басқа жолдар (сылтаулар) іздемеңдер (ажырасуға ұмтылмаңдар). Алла Тағала ұлы һәм өте асқақ». Бұл тәржімада әйелді ұру деген сөз жоқ, үйден шығарыңдар деген мағына бар. Негізінде тәпсір ғалымдары Құран аяттарын пайғамбар өмірімен байланыстыра тәпсірлейді. Өйткені, араб тілінде бір сөздің ондаған, тіпті жиырма-отызға тарта мағыналары болуы ғажап емес. Айша анамызға (ол кісіден Алла разы болсын) зина жасады деген жала жабылған кезде (бұл істің анық-қанығы аят болып түспей тұрғанда) пайғамбарымыз алдымен насихат айтты, төсекте бөлек жатты һәм уақытша әкесінің үйіне жіберді. Бұл аятты жорамалдаушылар пайғамбар өмірінен өнеге алуды шетке ысырып қойып, өздеріне керекті «ұру» деген мағынаны таңдап алып, әйелді ер адамнан төмен санайтын түсінікке итермелегісі келеді. Аятты түсіну барсында «дараба» етістігі ұру емес, «бос қоя беру», «жөніне жіберу» екендігін осыдан-ақ ұғынуға болады.

Ескерту: Сөздікте «дар ра ба» масдар ретінде «ұрып-соғу», «жасау», «тастау», «айрылысу», «көрсету», «беру», «қою» сынды бірнеше мағыналарды береді. «Дараба хисса» – квота тағайындау, «дараба хақнун» - укол салу, «дараба һәймә» - шатыр құру, «дараба дарибатун» - салық салу, «дараба мисәл» - мысал беру, «дарабал һәтифа» - телефон шалу сынды отызға жуық мағыналары бар. 
Ал әйел адамның отағасының үйінен бос қоя берілуіне, яки ұрылуына себеп болатын қылығын бідіре келген «на ша за» сөзінің де көптеген мағыналары бар. «Жоғарылату», «ісу», «ортаға шығу», «жарық көру», «орнынан тұру», «қарсы шығу» деген мағыналарды қамтиды.

Адами логикаға салып қарайтын болсақ дөрекілік, ұрып-соғу, күш қолданып қара күшке сүйену кез-келген шиеленіскен мәселенің шешімі бола алмайтындығы анық. Өзі де жарылуға шақ қалып тұрған мәселені ушықтырып, үрке жөнелеген жүйрікті ауыздықтаудың орнына, қамшы басып тоқтатпақ болған далбасамен тең екендігі белгілі. Демек, аятта баз бір адамдардың айтып жүргеніндей мәселені күшпен шешуге тырысып, табиғаты нәзік, жаратылысы әлжуаз әйел қауымына қарай айдап салатын ешқандай «ұру» деген мәселе сөз болып тұрған жоқ, «жөніне қоя беру», «уақытша айрылысу» деген мағынаны білдіріп тұр. Құран аяттарын түсіну үшін ең алдымен пайғамбар өміріне көз салатындығымыз жасырын емес. Алланың ардақты елшісі ешбір зайыбына қол көтермегендігін күллі мұсылман біледі. Қол көтеру былай тұрсын, зекіп, нұқып дөрекілік танытпаған. Керісінше әйел адамды сыйлауға, Алланың аманаты деп қарауға шақырған. «Араларыңда ең жақсыларың – әйелдеріне жақсы қарағандарың. Өйткені, мен әйеліне жақсы қарайтын жандардың қатарындамын» деген. Пайғамбар заманында еркектерден таяқ жеп, оның алдына шағым айтып келетін әйелдер көп болатын. Бұл Ибн Мәжә және Әбу Дәуіт сынды хадис ғалымдарының риуаятымен былай баяндалған: «Түні бойы пайғамбар үйінің айналасында күйеуінің қылығына шағымданып келген жетпіс әйел (яғни, көп әйел) ары-бері жүріп жатты. Сонда пайғамбар, «Біліп қойыңдар, әйелдерін ұрғандардың жақсы адамдар екендігін ешқашан жақсы адам ретінде көре алмайсыңдар»,- деді». Демек, шариғат әсте-әсте келіп жатқан шақта да дүбара ойлы еркектер дөрекілікке басып, әйелдерін сабайтын болған. Басына сауға тілеп пайғамбарды пана тұтып келгендерді ары қарай ұра беруге Алла әмір етер ме?! «Ол пайғамбар ғой, біз пендеміз» деп шала-бүлініп шарқ ұратындарға айтарымыз: Алла Тағала пайғамбарларды адамдарға үлгі-өнеге көрсетсін деп жіберді. Пайғамбарлар өздеріне арналған бөлек дін һәм халыққа арналған бөлек дін алып келген жоқ. Демек, аяттағы «дараба» сөзі «ұру» мағынасында емес, «ажырау», «бет бұрып, ұзақтау» мағынасында екендігін түсіну қиын емес. 
Бұған қоса, сәләф ғалымдарынан Ата, Әбу Бәкір ибн Араби, ал хәләф ғалымдарынан ибн Ашур сынды ғұламалар аяттағы ұру деген сөздің тарихи бір ескерту екенін, бұл жерде ешқандай ұру мәселесі қозғалып тұрмағандығын айтады. Табиғин нәсілінің өкілі Ата бин әби Рабах құқығы тапталған әйелді қорғауға бағытталған риуаяттар мен жалпылама әйелді ұруға қатысты хадистерді жіпке тізіп зерттей келе мынадай қортынды шығарған: «Ер кісінің аманатына қиянат жасамаған, ақ төсегін былғамаған, алайда, кейбір мәселелерде келісе алмай, сөзге келіп қалатын әйелін ұруына болмайды, тек қана ашулы екендігін бет-жүзімен ғана білдірсе болады» деген. Сонымен қатар, әйелді ұрудың мәкрүһ екендігін білдірген хадистерді ескере келе, «Ер адам әйелін ұра алмайды» деген. 
Екінші көзқарас. Құрандағы «дараба» сөзі «ұру» мағынасында келген. Алайда, «Тамақ жасамадың», «...міндетіңді атқармадың», «...сырыңды ақтармадың», «...басымды сипамадың», «...қағазды қиқаладың», «...ыдысты құлаттың», «...баланы жылаттың», «...тамағың дәмсіз», «...әңгімең нәрсіз» деген сияқты ұсақ-түйек мәселеге қатысты емес, отбасының басына үлкен апаттың төнуі, яғни әйел кісінің көзі басқа жаққа қарай тайып, көңілі өзге адамға ауып бара жатқан кезде, аятта айтылғандай «нушууз» мәселесі орын алғанда қолданылатын әдістер. Аятта «бағынбай кету» деп аударылған «нушууз» сөзі «әйел кісінің көңілі басқа еркекке ауа бастағанда» деген мағынаны береді. Кез-келген нәрсені сылтау етіп қамшы ала жүгіру, парасатты мұсылманның ісі емес. Ол Ислам бұйырған қарекет те емес. Әйелді «ұру» Құранда айтылған дейтін ғалымдардың өздері, ұруға себеп болатын жайтты, өте жіті қадағалаған. 
Бұл аят қай сүреде орналасқандығына көз салғанда Құранның мұғжиза екендігіне тағы да таңырқай түсесіз. Себебі, «Ниса» сүресі кейбір нақты-нақты үкімдерді қамтыған қасиетті сүре. Мәселен, бұл сүреде мирас мәселелері, бірнеше әйелге үйлену мәселелері, кімге үйленіп, кіммен некеге тұруға болмайтындығын білдірген аяттар бар. Демек, бұл сүре қоғамдағы маңызды мәселелердің мән-жайын түсіндіре келген. Әсіресе, қоғамда психологиялық толқуға ұшыраған адамдарды ауыздықтап, жөнге шақыруға бағытталған аяттардың көп келгенін көреміз. Мәселен, ешқандай некесіз сөз байласып, әне-міне үйленеміз деп жүрген қалыңдығын басқа еркекпен қарым-қатынас жағдайында көрген жігіттің қандай хал-күйде болатындығын өзіңіз пайымдай беріңіз. Әлеуметтік желілерді жаулап алған түрлі қылмыстардың 80-ге жуығы, некесіз қарым-қатынаста бола тұра сұқ көздерден қызғанудан туындаған. Ал неке қиылып, бас қосқаннан соң әйелдің мұндай суыт жүрісін көрген яки байқаған отағасының психологиясын тіпті түсіндіріп жатудың қажеті жоқ. Демек, некелі болса да, некесіз болса ерлі-зайыптылардың арасындағы адалдықтың сақталмауы, әсіресе, бұл әйелдер тарапынан туындап жатқан жағдайда ер-азаматтардың жан-дүниесін жайратып кететіндігі анық. Аятта айтылған әйел осындай суыт жүрісті дағдыға айналдыра бастаған әйел. Міне, осындай ушыққан мәселені шешуге «Ниса» сүресінің 34-аяты адам баласының ойына кіріп-шықпайтын кереметтей метод ұсынады. Сәл ойланып, осы жағдайдағы ер кісінің психологиясын сезініп көріңіз. Өмірлік жарым деп сенген, ұрпағыма ақ сүтімен бірге, адал тәрбиесін береді деп үміт артқан, махаббатыңызды арнап жан-тәніңізбен жақсы көрген жарыңыз, сіздің көзіңіз тая бере қиянат жасауға, әлгі үмітіңізді аяқ асты етуге бейіл. Осындай жағдай басына келген кезде, ер кісінің пышақ ала жүгіріп жарының жанын қиюға яки өзіне өзі қол жұмсауына тосқауыл қойған «Ниса» сүресінің 34-аяты кереметтей шешім ұсынады:
а) «Ең алдымен сөйлес, мәміле жаса» дейді. Бұл ешбір психологтың да, социологтың да қолынан келер нәрсе емес. Демек, Алла Тағала мұндай ушығып тұрған жағдайды, одан сайын даурықтырмай басуға шақырады. Ол нәтиже бермей жатқан жағдайда, әлі де сабырлы қалпыңыздан жазбай, келесі мәселеге көшесіз, ол:
б) Төсекте жалғыз қалдыру. Бұл нәтиже бермей, әйелдің түн қатып жүріп, түс қашыруы тоқтамай жатса, 
б) «Ұрыңдар» дейді. Бұл ұру кезінде де, бір жеріне дақ салатындай, көзін көгертіп, тісін сындыратындай дәрежеде емес, «Есіңді жи» деген сыңай танытар дәрежеде, нұқып қою. Ибн Кәсирдің тәпсірінде бұл аят, күйеуінен таяқ жеп пайғамбарға шағымданып келген әйелдің оқиғасынан кейін түсірілген. Пайғамбар әйелдің құқын қорғап, күйеуінен қысас алуын талап ете бастаған кезде, ер адамның отбасының қорғаушысы һәм асыраушысы екендігін ескеріп, күйеуінен қысас ала алмайтындығын білдіре келген. Бұған қоса, пайғамбарымыз бір сөзінде: «Әйелді есекті ұрғандай ұрып алып, түнде қойныңызға алып жатуыңыз ақылды адамның ісі ме?» деген. Демек, ардақты пайғамбарымыздың ешқашан әйелдеріне қол көтермегенін есте ұстағанымыз жөн. 
Үшінші көзқарас. Аят ер адамның қорған екенін айтып бастайды. Ер адамға отбасының қорғаушысы деген міндетті жүктеген Алла Тағала, шиеленіскен отбасы мәселесін ұрумен аяқтамайтындығы анық. Бұл Құран логикасына теріс. 
Тақырыбымызды мына хадиспен аяқтайық: Бір күні ардақты пайғамбарымыз бен Айша анамыз бір мәселеге қатысты келісе алмай қалады. Пайғамбар ұсынысын қабыл алмаған Айша анамызға «Мен былай десем, сен басқалай дейсің. Мұны қалай шешеміз? Сенің дегенің болсын ба, менің айтқаным ба? Қаласаң әкеңді шақырайық та, мән-жайды түсіндірейік, ол не десе екеуміз де соған разы болайық»,- дейді. «Әлбетте, разы боламын»,- деген Айша анамыз әкесі Әбу Бәкірге келеді. Сонда, пайғамбарымыз: «Мен бірінші айтайын ба, жоқ сен айтасың ба?»,- дегенде Айша анамыз: «Сен бірінші айт, бірақ, алып-қоспай дұрыс айтып бер»,- дейді. Мұны естіген әзірет Әбу Бәкірдің жанарында найзағайдай жарқ еткен ашу пайда болады да: «Не деп тұрсың? Алла елшісі дұрыс сөйлемейді дегің келе ме?»,- деп қызына қол көтермек болады. Сонда пайғамбарымыз: «Уа, Әбу Бәкір! Біз сені бұл жерге қызыңды ұрсын деп емес, арамызға әділ төрелігіңді айт деп шақырдық» деп сабасына түсіреді. Демек, тірі пенде түгілі, жан-жануарға қол көтеруді ұнатпайтын дініміз, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтын ер мен әйелді төбелестіріп қояды деу ақылға да, нақылға да сыймайды.

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
4 жыл бұрын 4505
0 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209