Шеттеліп қалған шығарма
Шеттеліп қалған шығарма

Көктемнің ол да есте бір қалар күні еді,
Біреулер сөгер, біреулер бәлкім күледі,
Алайда, менің айтайын деген ойымның
Екінші біреу төркінін түгел біледі. 

Қанбаушы еді өлеңге шіркін құмарым, 
(Кім білген бұл іс осылай барып тынарын). 
Жұмабайдың Мағжаны жайлы шығарма 
Жазып кел деді бір күні маған мұғалім. 
 
Дайын тұр себеп ұстазға оңай ұнарға,
Әкем де дайын әдеби көмек сұрарға.
Екі күн жазып ерінбей еттім еңбекті 
Бір дәптер болды сонымен әлгі шығарма. 
 
Жардай бір істі жәукемдегендей қуандым, 
Санада сұмдық сұрақ бар.. Қалай қуармын? 
Мұғалім отыр, отырдым мен де жақындау. 
Ой осал емес: «Бес алып кетет шығармын». 
 
Мазалай берсең мидағы сұрақ маздар кеп, 
Ойыңды «қостар» іздейсің өзің аздау боп.
Ренжітіп алдым әп-сәтте әлгі ұстазды 
«Абайдан Мағжан өлеңді тәуір жазған» деп. 
 
Жазықты тілім... демекке бәлкім хақым жоқ
Абай Абай ғой, ал менде тіпті ақыл жоқ. 
Өзімсіп келіп айтқаным еді-ау ойымды 
Ұстазға сондай кеткеннен қатты жақын боп.
 
Бүлдірдім нені ұқпай-ақ қойдым, ұға алман,
Осы бір сұрақ кетпеді ойдан, құмардан. 
Аңдамай сөйлеп, ауырмай өлдім қайтейін 
Шешесіз қыздай шеттеліп қалды шығармам... 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
2 года назад 563
5 комментариев
О блоге
0
29830 200 345 261 209