Құран бағынан бір шоқ гүл
Құран бағынан бір шоқ гүл
Муминун сүресі. Алғашқы он аятының түсіндірмесі
 
Аяттың түсуі туралы. Муминун сүресінің алғашқы он аятының уахи етілуіне байланысты Абдурахман ибн Абдул Қари: "Омар ибн Хаттабтың былай дегенін естіп едім",- деп мына бір оқиғаны баяндайды: "Алла Елшісіне уахи келген кезде ол кісі алдыңғы жағынан омартадағы аралардың шуылдағанындай бір дыбыстар естіді. Біз сол кезде біраз уақыт бойы қозғалмай күтіп тұрдық. Біраздан соң, Алла Елшісі жүзін құбылаға қарай бұрды да қос қолын жоғары көтеріп: "Уа, Жаратушы Жаббар Хақ, бізге (нығметтеріңді) арттыр, кеміте гөрме! Біздерді абыройлы қыл, масқаралай көрме! Біздерге (мұқтаж нәрселерімізді) бер, таршылық жасай көрме! Біздердің абыройымызды асқақтатып, дұшпандарымыздың алдында төмендетпе!"- деді де артынша бізге жүзін бұрып: "Бізге Раббымыз он аят түсірді. Кімде-кім сол аяттың негізінде амал жасаса жәннәтқа кіреді" деп "Иман келтіргендер құтылды" деген аяттан бастап Муминун сүресінің он аятын толық оқып шықты". (Хаким, Әбу Абдуллаһ өзінің сахих жинағында келтірген) Бұл он аяттың артықшылығын сол күннен кейін сахабалар естерінен шығармайтын болды. Өйткені, бұл аяттар мүміндерге серпін сыйлаумен бірге, Алланың дінін арқалап жүруде жігерлерін жанып, болашаққа деген үміттерін оятқан еді. 
 
قَدْ أَفْلَح المُؤْمِنُونَ
 
"Иман келтіргендер құтылды" (Муминун сүресі, 1-аят)
 
Бұл жердегі  فَلَحْ  "фәләх" сөзі "құтылды" деген мағынамен қатар, "табысқа жетті", "тура жолда болды", "мәңгілік бақытқа қауышты" "қауіпсіздікте болды", "жан-дүниесі тыныштық тапты" деген мағыналарды да қамтиды. (Елмалы Хамди Иазыр, "Хак діні Куран дили" Муминун сүресінің тәпсірі) Бес уақыт намазға шақырылатын азанның сөздерінде де осы "фәләх" сөзі қолданылады. Азан шақырлғанда "Хәйә алал фәләх" яғни, "Құтылуға асық" деген мүбарак сөздерді құлағымыз шалған кезде "Алланың азабынан құтылуға асық", немесе "Мәңгілік бақытқа жетуге асық" деген мағыналарды ұғамыз.
 
Бұл аяттарда Алла Тағала жеті түрлі қадір-қасиетті бойына жинап, саналы ғұмырын сол сипаттарға сай өткізген адамның табаны жәннәттің биік дәрежелеріне тиетіндігін сүйіншілейді. Бұл жеті сипаттың бірі, һәм бірегейі – ИМАН. Жебрейіл періште мен ардақты пайғамбарымыз "Ислам", "Иман", "Ихсан" жайында сөз қозғайтын хадисте Иман дегеніміз – Аллаға және ақырет күніне, періштелері мен кітаптарына, пайғамбарларға, сондай-ақ, тағдырдағы жақсылық пен жамандықтың жалғыз Жаратушыдан екендігіне шәксіз сену екендігі айтылған. Осы аталғандарға сенген адам мүмін. Аятта айтылған "Құтылушы" жамағаттың қатарында болуға үміткер жан. Алайда, кейбір екіжүзділер секілді, тек қана "иман келтірдім" деп тілмен айту жеткілікіз. Тілге тиек ете отырып, жүрекпен де шәксіз сенім білдіру қажет. Болмаса, тек тілмен айтып, жүрекпен сенбеген кісі мұнафиқтар сынды болса, тек жүрекпен сеніп, тілмен растамаған жан кітап иелеріне (яһудилер, християндар) ұқсаған болады. (Әбу Ханифа,"Әл-Уасыйя"; "Шархул Фиқһул Әкбар", Муллә Али Қари, 124 бет) 
 
Дін деген өзі бір үлкен жеміс ағашына ұқсайды. Ал, оны жүрекке бекіту – сол ағаштың топырақтың тереңінде жатқан тамыры. Тілмен айту – өзегі болса, иман итермелеген іс-әрекеттер оның бұтақтары, жапырақтары мен жемістері тәрізді. Жеміс ағашынан дәмі тіл үйіретін жемістер күткеніміздей, иманнан жақсы амалдар талап етіледі. Міне, осы амалдар арқылы адам баласы Алласына жақындап, разылығына қауышып, дүниесі мен ақыретінің берекесін арттырады. Гүл ашпай, жапырақтары төгіліп, жеміс беретін бұтақтары балталанған ағаш ұсықынсыз кейіпке еніп, тек діңі ғана қалған секілді, иман ағашы да дәл солай. Иман келтірдім деп тілмен айтып, ар жағында Аллаға жақындататын ізігі істері мен, салихалы сара жолы болмаса күзде әдемілігінен айрылған ағаштай болып қалады. Ол тек өткен кеткендер "е, бұл да бір жеміс ағашы екен ғой" деп бір қарап, ешқандай жемісі жоқ болған соң бұрылып бармасы анық. Сол сияқты, иман келтіріп, ізгі істері болмаған кісіге жұрт "бұл да бір мұсылман екен ғой" дегеніменен, ол адамның алдына ешкім әділдік іздеп барып, қысылғанда қасымнан табылады ғой деп үміт күтпейді. 
 
Иә, шынымен-ақ, иман келтірген адамға ешбір өкініш, ешбір ұтылу жоқ, керісінше, дүниенің қапасынан, ақыреттің азабынан құтылу бар. Бұдан біздер мұсылман адам ешібір қиындыққа, ешбір сынаққа ұшырамайды деген түсінікке бармауымыз керек. Иман келтірген жан әлбетте, сыналады, қиындықтарға душар болады, қабырғасы қайысып қайғы тартады, бірақ, ешқашан опық жеп ұтылмайды. Себебі, иман келтірген жан хадисте ишарат етілгендей қиындық көрсе де сауап алады, қуашышқа кенелсе де сауап алады. Екі дүниенің сұлтаны, көзіміздің нұры, көңіліміздің жұбанышы болған пайғамбарымыз: "Иман келтірген жанның бүкіл істері ғажап, таңғалышты. Оған бір жақсылық жетсе, шүкіршілік жасайды да, сауабын алады. Ал, қандай да бір қиындық жетсе сабырлылық танытып және сауапқа кенеледі" (Муслим, 5318) дейді. Ендеше, аятта айтылған құтылуға, мәңгілік бақытқа қол жеткізудің ең бірінші шарты – иман келтіру. 
 
Ғұлама Нәсәи өзінің тәпсірінде сахабалардан жеткен мын бір хадисті келтіреді: "Біздер бір күні мүміндердің анасы хазірет Айшаға барып: "Уа, мүміндердің анасы, пайғамбарымыздың мінез-құлқы қандай еді, айтып бересіз бе?"- деп қолқа салдық. Сонда ол кісі байыппен: "Ардақты пайғамбарымыздың мінезі Құран еді ғой",- деді де Муминун сүресінің он аятын оқып шығып: "Міне, пайғамбарымыздың мінез-құлқы осындай болатын",- деп жауап берді". Табарани пайғамбарымыздан саңлақ сахаба Ибн Аббас жеткізген мына бір хадисті айтады: "Алла Тағала "Адн" жәннатын жаратты да оның ішін көз көріп, құлақ естімеген, жан баласының қиялы жетпейтін сұлулықпен безендірді. Содан соң оған "Қане, сөйле!" (яғни, не айтасың?) дегенде Адн жәннәті: "Иман келтіргендер құтылды" деп айтты",- дейді. Әнәс ибн Мәлік былай дейді: "Алла Елшісі: "Алла Тағала жәннәтті аппақ дүрлермен қалап, қып-қызыл жақұттармен өріп, жасыл мәрмәрмен әрлеп, хош иістерден жұпар шаштырып жаратты. Ол жердің қиыршық құмдары лүлү дейтін тастардан тұрса, көгалдары зағфаран дейтін өсімдікпен толтырылған.  Алла Тағала оны жаратып: "Ал, сөйле, не айтасың?" дегенде ол: "Иман келтіргендер құтылды" деп жауап қатты. Сонда Алла Тағала: "Ұлылығыммен ант етем, бұл жерге сараңдар аттап баса алмайды!",- деді. Осыны айтып болды да ардақты пайғамбарымыз Хашр сүресіндегі "Кімде-кім сараңдықтан жан-тәнімен сақтанса, міне, солар құтылушылар" деген аятты оқыды". Жоғарыдағы хадистен иман мен жомарттықтың егіз екендігін түсінеміз. Мұсылман жанға сараңдықтың сарайында күн кешу жараспайды. Күллі мүліктің Иесі болған жалғыз Жаратушы бүгін беріп тұрған нығыметтерден басқа күндері де құр алақан қалдырмайтынына шәксіз сену мүмін кісінің көркемдігі. Бұл да аяттардың арасында келетін жеті қасиеттің бірі болып саналады. Оған Алла қаласа өз кезегінде кеңірек тоқталамыз. (жалғасы бар)
 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
2 года назад 1044
1 комментарий
  • МашаАлла! Мақала жазу көп аламның қолынан келгенмен ғылыми тақырыпта əсіресе тəпсірді талқылау үшін батылдық керек. Ислам ғылымдары мен араб тілі саласында оқып жатқан біліміңіздің жемісін руханиятқа шөлдеген халқыңызға ұсынып жатыр екенсіз Алла тағала қолдасын бауырым!
    2 года назад
О блоге
0
29830 200 345 261 209