Қайдасың, бабам Абылай...
Қайдасың, бабам Абылай...
Толқынды ойдан толғанам қатты мына мен,
Қолымнан келсе қуатты қоғам құрар ем.
Жұртына қарап, тiрлiгiн талақ етер ем
Ислам болып ашпаса құшақ бұл әлем.
 
Айналайын Алланың аппақ ақ діні,
Өзіңде еді жалғанның жұмбақ шаттығы.
 Өзіңде еді парасат, пайым, пәк пиғыл, 
Өзіңде еді нәбидің нұрлы ақ туы. 
 
Саяси ойын сайтандай сайқал, сымбатты ақ 
Ашығын айтам, қайтемін оны жұмбақтап. 
Жұртыммен жұмбақ жарысын жасап жүргенде, 
Сеземін сырттан келеді жылпос жын қаптап. 
 
Кейбіреу келіп "дін деген шапан, дамбал" дер,
 Біреулер болса "балағын кескен шалбар" дер. 
Ал, біреу болса, дін деген жалғыз Алланы,  
Еске алу дейді алқалы топта зарлы әнмен. 
 
Кейбіреу жүрер келгендей көріп талайды, 
Басқаны тозақ, жәннаттық өзін санайды. 
Аспаннан солай салбырап түсе салғандай, 
"Адасқан" дейді Қашаған, Бұқар, Абайды. 
 
Біреулер құмар бұзуға шындық сарайды,
 Жалғанды әкеп жыртығын жасқап, жамайды. 
Қой бағып жүрген көкжалдар көп-ау қоғамда, 
Кім білсін, қай күн ауызын қандап талайды. 
 
Жалтақтамаймын, оларсыз талай таң атты,
"Браттар" қаптап, ахилар "дінді" таратты.
Ұлтым дегенге үрке қарайтын ұлдарың
"Әбилеп" бүгін тауысты әбден тағатты.
 
Қазақы қалып, бұл күні кімге жүр сеніп, 
Көзіңді жұмсаң кетпекші кей жұрт күлше ғып. 
Қазақпен қазақ керісіп жаста кінәлі, 
Атаңа нәлет, надандықпенен дүмшелік. 
 
Мұнан соң қайтсін қайран жұрт азып, арымай, 
Бірлігі жарым қазақтың мынау қалын-ай. 
Үш жүзің кетті, үш жүзден аса тармақ боп, 
Басын бір қосар қайдасың, бабам Абылай?!
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
2 года назад 503
1 комментарий
О блоге
0
29830 200 345 261 209