Тақлид
Тақлид

Батыс елдері жаратылыстану саласындағы тақуалық жағынан мұсылмандарды шаң қаптырып кетті. Қазіргі таңда Банк жүйесі, Интернет магазиндердің дамуына қарай фиқһ саласы да дамуы керек еді, өкінішке орай бұл жағы толығымен тат басып тоқырап, тек қана Батысқа еліктеу, "тақлид" қана қалып тұр. Мұсылманшылығы дамып келе жатыр деген елдердің азаматтарының бойынан ортақ ерекшелік байқадым. Бірі, шариғи білмге сәл жақындығы бар, әйтеуір, бірнәрсе білсем деп талпынып жүрген жігіт ағалары. Бірақ, бұлардың да әңгімелері сол Құран қойған "Бірлік", "Тұтастық" сынды ұлы қағидалар төңірегінде тоғыспай, "ана ғалым битті", "мына ғалым сүйтті", "әйелді қамшымен сабаймыз ба" , "жұдырықпен переміз ба-ның" аясынан аса қоймады.Әйел баласының құқығы тапталып, сәләфиттердің мазағынан аман қалғандардың өздерін еркектің жауы, бойұсынбайтын басбұзар бұзық етіп көрсетіп жүргендер де баршылық. Бұл мәселе Алла жазса келешекте өз алдына тақырыбым болады. Себебі, әйелді Алла Тағала еркектің таң намазына оятатын будильнигі немесе қалай болса, солай қарым қатынас жасап, қаласа ұрып, қаласа сүйіп жүретін жарымжан етіп жаратқан жоқ. Оның да өзіндік құқықтары бар, ардақты жаратылыс екенін ұмытып, арабтардың қатын сабау дәстүрін дін етіп көрсеткісі келетіндерге көздеріңді ашыңдар дейтін кез келер... Хош сонымен, екінші топ бар, бұлар әлгі "шариғатшыл" адамдардың артынан ерген ауқаттылар. Бұлардың мұсылманшылығы тек екінші әйел алудың айналасынан аспады. "Исламда төрт әйелге дейін рұқсат" деп риясыз риза болып, сонысын көңілге медет етіп жүр. Барлығы демеймін, жалпы пайызға шаққанда көпшілігі деуге болады. Ал Тақуалық - Құран атты ұлы пәрменнің қағидаттарын қалдырмаумен қатар, жаратылыс әлеміне жүктеген Құдай Тағаланың ережелеріне сай өмір сүру. Бірін-бірі қолынан келсе қырып жіберуге айналған мұсылман әлемінде хикмет тудыру тоқтап қалды. Тек өткен ғасырдағы ғалымдардың қалдырып кеткен, сол ғасырға тән қағидаттарын қалай болғанда да осы ғасырға жонып-жонып келтірудің қамалқасы ғана жасалып жатыр. Илһәмға ашық көңілдер, хикмет тудыруға қабілетті қасиеттер қалмаған ба деп қайғырып кететін кездер де болады. "Өткенге құрмет" деген желеумен бұрынғы ғалымдар таласа-таласа өмірлері жетпей кеткен мәселелерді мыжи бергеннен бүгінгі мұсылмандар тойынады әлі. Қызылкеңірдек болып қырлысудың, мазһаб болып майдаланудан мезі болатын күн жақын. Себебі, қағидаттардан қажыған жұртта жаппай жалығу бар. Намаз нәрсіз, ораза тақуасыз. Өткенге құрмет - бабалар жаққан оттан қалған күлді емес, шоғын болашаққа тасып, сол шоқ арқылы заманамызға зор жарық жасау жұмыстары деп білем...Олай болса, бірін-бірі бір қоғамда көргісі келмейтін әсіремазһабшылдарға дін аралық диалог туралы айта көрмеңіз. Аяқ асты кәпір болып, пұшайман халге түсесіз... Десе де, күресеміз, күтеміз...

Ермек Есқожа, Тақлид, Хикмет тудыр, Жатпа қарап, Хаққа жақын құл бол
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
3 ай бұрын 687
0 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209