Сынық құмыра
Сынық құмыра
Шөл даланың жота-жота құмдарының арасында қалқайған қара лашықта ерлі-зайыпты бәдәуи өмір сүретін еді. Күндердің бір күні атпадай болып қатқан әйелі еріне:
 
– Дүниенің бар тапшылығын екеуміз ғана тартып отырмыз. Бір үзім нан жоқ, тіске басарымыз – қайғы. Су құятын бұтін құмырамыз жоқ, сусынымыз – көзіміздің жасы. Күндіз киетініміз күннің шуағы, түнгі жамылғымыз – ай сәулесі. Ұлардай шулаған асқазанға талғажау болсын деп шыбын аңдып отырғанымыз мынау. Осылайша өміріміз өтіп кетпек пе енді? - деп еріне мұң шақты. Көзін көкке тігіп ой аулап отырған ері оған бұрылып:  – Уай, жолың болғыр-ау, енді қашанға дейін дүние тілеп зар-қақсайсың. Ақылы бар адам өзінен мал-мүлкі төмен болғандарға қарайтын еді ғой. Жас күніңде қанағатшыл едің, егде тарттың, екі дүниенің арасы жарты қадам болып тұрғанда мал-мүлік сұрап майдаланып отырғаныңа жол болсын. Сен өзің-ақ, тұла бойың тұнып тұрған алтын емес пе едің, саған не болған?! - деп үн қатты. Ерінің жайбарақаттығына шамданып, шабына қылбұрау салғандай қылғынып шыға келді: – Ей, ақылынан басқа түгі жоқ бейшара неме! Сенің асқақ ақылыңнан туған әдемі сөздеріңе тойдым. Мына отырған отырысымызға қарап ұялмайсың ба? Маған "қанағатшыл бол" деп қақсайсың да отырасың, мақтап отырған қанағатыңнан осы күнге дейін не таптың?! Сен ақылгөй болмай, сөзге тоқта.., - дей бергені сол еді күйеуі сөзін бөліп: – Сен қатынсың ба, жоқ уайым қапшығысың ба? Мен бұл кедейлігіммен мақтанам. Жоқшылық деген сенің ақылың жететін нәрсе емес, үлкен нығмет. Ол – пайғамбарлардың мирасы. Бай адам басынан бақайшағына дейін айыпқа батқан жан. Менің дүние-мүлікке ешқандай қажеттілігім жоқ. Алла Тағала оған мұқтаж етпей-ақ та қойсын. Жан-дүниемді қанағат қаптап тұрған кезде, малға деген махаббат мені мас қыла алмайды. Сондықтан да, бос мұңайып, таршылық көрдім деп байбалам салуды таста, оны тастай алмасаң мені таста. Мен сен сияқты дауыс көтеріп сөйлеуді білмеймін. Сен де бос қиялға беріліп шаршама. Қанағатқа қаным қас, оның аулы алыс десең мен үйімді тастап тыныш өмірге қарай бет алам...
 
Күйеуінің бұл сөздеріне көңілі босап көз жасын көл қылды. Еңірегенде етегі толған әйеліне жанашырлық сезімі оянған кедей байғұстың бойы өкініштен өрттей алаулады. Оның пұшайман халін сезген әйелі бұл тығырықтан жол тапқандай күйеуіне былай деді: – Сыртта тұрған сынық құмырамызда жаңбырдан жиналған су бар. Сол суды алып Бағдат шаһарының патшасына бар да: – Біздің бұдан басқа ешқандай дүние-мүлкіміз жоқ. Қаңсыған шөл далада сіздей мәртебесі биік парасатты патшаға бұдан артық сый бар деп ойламаймын. Бұл өлкенің патшалары  алты жүз атанға жүк болатын қазынаның кілттеріне ие болғаныменен,  дәл осындай жанға шипа, тәнге дауа су жоқ. Мұндай су ілуде бір рет қана кездеседі"  деп айт",- деді. Бейшара әйел Бағдат патшасының сарайының қасында арқырап-күркіреп ағып жатқан Дижлә өзенінен бейхабар еді. Күйеуі мұны қостап: – Бұдан артық қандай сый болады? Шынымен-ақ, біздің сынық құмырамыздың сиқырлы суы тек патшаларға ғана лайық қой", - деп қауқылдады. Сөйтті де құмыраны суы төгілмейтіндей етіп орап алып, Бағдат қайдасың деп тартып отырды. Құмырасын қарақшыға қолды етіп алмайын деп көзінің қарашығындай сақтады. Бірнеше күн жол соқты болып Бағдатқа да келіп жетті де, патша сарайына кіруге рұқсат сұрады: – Уа, құрметті жандар! Мен сонау шөлден патшаның мейірімінен үміт етіп келген бір бәдәуи едім. Мына сыйлықты патшаға табыс етіп, маған да бір қол ұшын созыңдар. Бұл еш жерде кездеспейтін тәтті, дәмі тіл үйіретін сиқырлы су. Шөлде жауған жаңбыр суларынан жиналған. Құмырам да ыңғайлы, әрі жеңіл, - деп жар салды. 
 
Патшаның шабармандары аңқылдаған ақжүрек адамға күлді де, шын ниетімен ұсынып тұрған сыйын алып патшаға апарды. Бәдәуидің сонша жерден арып-ашып жеткеніне қайран қалған патша, бәдәуиді құзырына алдырып ілтипат көрсетті. Ұлылықтың үлісін көрсетіп, ас-су беріп әлдендіріп, киімін бүтіндеді. Содан соң құзырындағыларға:  – Сынық құмырасына алтынды толтырып беріп, өзін  Дижлә өзені бойымен алып жүріңдер. Сосын төте жолмен еліне қайтатын жолға салып жіберіңдер, - деп бұйырды. Жендеттерге ілесіп келе жатқан бәдәуи жолай кемерінен тасып-толған Дижләні көріп қайран қалды. Осыншалықты мөп-мөлдір суы мол Дижлә өзенінің дәл қасында қоныстанып отырған патшаның сынық құмырадағы суды қабыл алып,  қойын-қоншына толтырып алтын салып бергеніне таң қалды. Патшаны жомарт етіп жаратқан Раббысына шүкір етті де төте жолмен асыға адымдай берді...
 
...Иә, бұл әңгімеден не түсіндіңіз? Мен мынаны ұққандай болдым: "Ислам.кз рухани-ағарту порталы" өзінің кемерінен толып тасыған шалқар шабытты жазушылары, блогтұғырды маржан сөздерімен әрлеген майталман қаламгерлері, кез-келген сұраққа қайнардан кәусар тарататын ғалым, ғұламалары бар, көңілі кең, жаны жомарт, әкелгеніңді күлімдей қабылдап, қойын-қонышыңды қуанышты пікірлерге толтырып жіберетін парасатты патша іспетті. Ал, біз болсақ шөлдегі сынық құмырасымен жауын суын арқалаған бәдәуи сынды, өзімізге айдай болып көрінген нәрселерімізді әспеттеп, "патшаға мұнан артық қандай сый бар" деген оймен арып-ашып барымызды ұсынудамыз. Сүйкей салған жазбаларымызбен блогтұғырдың бір жағын бүтіндеген жандай масаттанып қалатынымыз да жасырын емес. Біздей "бәдәуилердің" әкелген сынық құмырадағы сыйын сыпайы ғана қабылдаған "Ислам.кз рухани-ағарту порталының" ұжымына ұлы жетістіктер мен сәттіліктер тілейміз. Ендеше менің де аз-сыйымды осы блогтұғырдан қабыл алыңыздар. Сонымен  ағайын, блогтұғырымның аты –  "СЫНЫҚ ҚҰМЫРА".
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
2 жыл бұрын 1479
11 пікір