Құлшылықтың төресі
Құлшылықтың төресі
Жаратушы Раббымыз құлдарына құлшылықтардың түр-түрін парыз еткен. Құдай сыйға тартқан он екі мүшеңмен атқаратын құлшылықтармен қатар, кеудедегі лүпілдеп тұрған жүректің де ғажайып ғибадаты бар. Тілдегі сөлді суалтпай, құлқын сәріден қиқулаған құстармен жарыса, зарлы зікірді заулатқан тілдің де тамаша құлшылық түрі бар. Ол ол ма, алдыңдағы қиқу сала айдаған мал мен қалтаңдағы талтаңдата бастырған бес бақыр, алты алтын, жеті күміспен де құлшылық жасауға болады екен. Сол сияқты, әрбір қимыл қозғалысты да құлдық ұруға айналдырып, ошақ ауыздан оттай жалындаған отыз ауыз сөзбен де Раббың разы болатын сөздермен, руханият көктемінде салтанат құруға мүмкіндік мол. Осы аталған құлшылықтардың руханиятқа берері мол дей тұрғанмен де, құлшылықтың Құдай сүйген түрін жақсы білетін қос жанардың шырағы, Алланың соңғы елшісі көз жастары мөлдіреп, айтқанына елжіреп ұйып отыратын сахабаларынан: "Мен сендерді патшаларыңның алдында адал, әрі абыройлы ететін, дәрежелеріңді жоғарылатып, алтын мен күмісті Алла жолына жұмсағаннан да, дұшпандарыңмен бетпе-бет келіп басын шауып алғаннан немесе Аллаға иген мойындарыңды дұшпаныңның шауып түсіргененінен де жақсырақ амалдың (яғни, Алла жолында қылыш көтергеннен) қайсы екенін айтайын ба?"- деп сұрайды. Жәннәтқа жетудің жолын күні-түні ойлап, сол жолда жандарын жалдап, өмірін арнап жүрген сардардың саңлақтары бір ауыздан: "Әрине, айтыңызшы" деп шу ете қалды. Сонда Алла елшісі құлшылық құпиясының құндағын ақтарып: "Жаратқан жалғыз Раббыңды зікір ету" деп жауап қатты (Тирмизи, 3377; Ибн Мәжә, 3790). Шіркін-ай, сол сөзден кейінгі сахабалардың жай-күйлері мен құлшылықтағы дәрежелері қандай шыңға асқақтағанын біле алғанымызда сол құлшылықты жан тәнімізбен жасап жатар ма едік?! Лас рухтың тазарып, кәпір нәпсінің тізгінделуіне ықпал жасайтын ықыласты зікірдің түрі - кешірім сұрау (истиғфар). Құдайға құл екендігін мойындай отырып кешірім сұрау Адам атадан бері белгілі құлшылық. Басына бәле жетіп, қайғыға қамалып, жанары жабығып қалғанда пайғамбарлардың барлығы да "Бұл бәле менің өзімнен, менің Алланың алдындағы бір айыбымнан" деп, кешірім сұрауға бет түзейтін. Адам атаны азғырып, жақсы істің жаршыларын жазғырып жүретін Ібіліс қана кешірім сұрамайды ғой, сұраса да қабыл болмайтынын білетін шығар бәлкім. 
Иә, адамзаттың атасы Адам пайғамбар Алладан: "Раббым, біз өз-өзімізге зұлымдық жасадық. Егер Сен мейіріміңе бөлеп, кешірім жасамасаң, қасірет шеккендердің нағыз өзі боламыз ғой" (Ағраф, 23 аят), - деп кешірім сұрау құлшылықтың өзегі болып кеткенін көрсетсе керек. Тоғыз жүз елу жыл тоқтамай туралыққа шақырған Нұх пайғамбар да: "Раббым маған және әке-шешеме, мұсылман болып үйіме кірген ерлер мен әйел қауымына кешірім жасай көр! Ал, залымдардың тек қана қасіреттерін арттыр" (Нұх, 28-аят), - деп кешірімді әуелі тілге тиек еткен еді. "Раббым, бүкіл үммет дәргейіңе есеп беру үшін жиналатын есеп күні өзімді, әке-шешемді және барша мұсылмандарды кешіре гөр" (Ибраһим, 41-аят) деген дұғаны айтқан Алланың ардақты құлы Ибраһим пайғамбар болатын. "Раббым, мен өз-өзіме зұлымдық жасадым, мені кешіре гөр!" (Қасас, 16-аят) деген мәртебесі мәңгі асқақ Мұса пайғамбар да таңын кешіріммен атырып, күіннің көзін кешірім сұраумен шығарып салатын. "Біз баймыз ғой, мақтау мадаққа саймыз ғой, дәулеттің, қыруар мүліктің иесі кімнен кешірім сұрау керек" дейтін ағайынға Сүлеймен пайғамбар сұлу дұғасыменен жауап қатады: "Раббым, мені кешіре гөр, сондай-ақ, менен кейін ешкімге лайық болмайтын билік пен байлық нәсіп ет. Сен ең жақсы сый берушісің!" (Сад, 35-аят) Ал, "құлшылығым көп, кешірімім де аз емес, таңғы-кешкі дұғаларым тастай" деп тоқмейіл тартқан нәпсіге, аяғы ісіп, жанарынан жас үзіліп түсіп, түнімен Жаратқанға жалбарына құлшылық жасайтын хазірет Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) үлгі бола отырып өзі мына дұғаны намазда оқығанды ерекше жақсы көретін: "Раббым мені кешіріп, рахметіңді жаудыр. Сен мейірімділердің ең мейірімдісісің!" (Муминун, 118-аят).
Құдай Тағаладан кешірім сұрау құлшылықтың құнарын арттырады. Әрбір қадамды аттаған сайын әр бұрышта "қалтарыста қағып түссем екен" деп отыратын шайттанның шақыруларына шыдас беріп, сарбырлылық танытудың алғашқы қадамы да кешірім сұрау. Сахабалар есітіп еңіреп қоя беретін аяттарды, өкіншке орай, жүре тыңдап, жүрегіміздің селт етпеуінің сыры да жүректің өлуі емес пе екен деп жарымжан көңіл жай таппайды. Өлі жүрекке өмір сыйлайтын кешірімді біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін жалбарына сұрайықшы ағайын!
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
2 жыл бұрын 651
1 пікір