Қазақ тілін көтерейік биікке
Қазақ тілін көтерейік биікке

Біздің қазақ не көрмеген ел еді,

Әрбір жылдың сайрап жатыр бедері. 
Жылап жүріп, жырлап жүріп жеңдік біз 
Жеңістің де бар ғой небір себебі.
 
Жойқын күш кеп жан-жақтағы жаттан нық, 
Болашаққа күмәнді оймен аттандық. 
Ұлтымыздың ұмытылып мұрасы 
Отар - отар қой болуға шақ  қалдық. 
 
Түнек еді қарт қазақтың аспаны, 
Шақырса да жарыққа аяқ баспады. 
Ұлтқа қауіп төнсе дағы көп қазақ 
Ұйықтап жатты қазандай боп бастары. 
 
Дінді қойды «Құдай жоқ» деп көп біліп,
Қалды дәстүр іші толған тектілік. 
Жаратқанның болмағанда жәрдемі 
Кетер ме еді қайран қазақ жоқ болып. 
 
Міржақып бар қалың ойға қамалған, 
Ахмет, Мағжан, Әлихан, Сәкен сан арлан.
Тіліміздің бар тағдыры солардың 
Қан аралас көз жасынан жаралған. 
 
Болмасын деп көңіл күпті, көз мұңды
Тілге, дінге қауіп барын сездірді. 
Әрқайсысы құрбан болып біз үшін
"Оян, қазақ, ояншы" деп көз жұмды. 
 
Ал ендеше оянайық,тұрыңыз, 
Бізге аманат тіліміз бен дініміз. 
Болашаққа апарайық мұраны 
Қараламай бірімізді біріміз. 
 
Білесің бе азапты өмір өткенін, 
Аштық, соғыс зәрлі уытын төккенін. 
Жігіттерді желтоқсанда ит талап,
 Әпкелерді қарулы әскер тепкенін. 
 
Әйткенменен тарих болды өткенім
 Ұлып тұрмас, күліп шығар көктемім.
 Өз ұлтыңды сүю деген осы деп 
Басқа елдің балаларын сөкпегін.
 
 Айналмасын шаттығымыз күйікке, 
Өз тілінде сөйлейді құс, киік те. 
Өзге тілдің бәрін білсек айып жоқ. 
Қазақ тілін көтерейік биікке. 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
2 жыл бұрын 508
2 пікір