Намазға кел...
Намазға кел...

Намазға кел, әпкелер, қарындастар, 

Намаздан беріп рухтың несібесін, 
Ертеңгі өміріңді кім біледі 
Бүгіннен қалсаң бәлкім кешігесің, 
Батыстың бассыз кеткен бағытына 
Еліктеп неге сонша есіресің?
 Батыспен қанды қырғын қылып кеткен
 Әлия, Мәншүк жайлы не білесің? 
Батысты жылап жүріп жеңді олар 
Сен болсаң күліп жүріп жеңілесің, 
Үлгі алатын бізде де тектілер көп
 Іздесең қазынаға көмілесің, 
Олардың биі бізге бақыт емес 
Құры босқа қадіріңді кетіресің, 
Зере емес, Ұлпан емес, сендер маған
 Мадонна боп жатқандай көрінесің, 
Жаны ашын жүрген саған жігіттер аз, 
Ойланбасаң түбі бір өкінесің, 
Ойлансаң ой жетелеп нұрға қарай 
Күнәдан тыйылуға бекінесің, 
Сәждеге қойып басты тілек тілеп,
 Аллаһтың жәрдемімен жетілесің. 
Намаз оқы, әпкелер, қарындастар,
 Намазсыз ар-абырой табасың ба? 
Намазбен кірден, ластан арыласың 
Басыңа бөз орамал тағасың да, 
Орамал Жаратқаннан келген бұйрық,
 «Шеш» деуге құқылы емес анашың да, 
Орамал оранбасаң орның төмен 
Мен айтсам сен осыған нанасың ба? 
Орамалсыз қыздарға қырындайды 
Жігіттер желігі көп санасында, 
Нәпсісі надан іске көндірген соң
Қорған бола алиайды ол панасызға,
 Ал, орамал таққан қызға сол жігіттер 
Ұялып жарамайды жақ ашуға,
 Кейбірі сөйлеп жақын келмек түгіл 
Көзінің түсіре алмас қарасын да, 
Селкілдеп сезім қуып жүргенімен
 Уақытпен шама жоқ қой таласуға, 
Әке болу, жар сүю дегендейін
 Салмақты ой сәуле салса санасында,
 Иманды, ақ жаулықты жар іздейді 
Жалғанда сондай жармен бақ ашуға,
 Осы жерден білерсің орамалдың
 Қадірін, қасиетін, бағасын да,
 Бүлінген бұл қоғамда бұдан артық
 Қорғанышты іздесең табасың ба?
 Ормал «Ұят» деген үлкен перде 
Ерлер мен әйелдердің арасында. 
 
Намазға кел, бауырым, намазға кел, 
Намазбенен жан дүниең жаңарады, 
Өзгеден іздеп жүрген тыныштықты 
Жүрегің тек сәждеден таба алады, 
Сараңдығың серпіліп сәждеден соң, 
Жомарттықтың кеңейер тар алаңы, 
Құрандай қасиетке бойлағандар 
Дүниеге кірпіш боп қаланады, 
Өз бойыңның тазала қара дағын, 
Пайда жоқ сөккенменен замананы, 
Өйткені заман жақсы, жаман болсын 
Аллаһтың қалауымен жаралады, 
Жаралған заттың бәрі Аллаһтікі 
Кім оны меншігіне ала алады? 
Нәпсіге нәсіп болған қу дүние
Кеудеден шыбын ұшса қалады әлі, 
Шыбының ұшып кетпей намазға тұр
 Мынау ғажап ғаламға қара дағы,
 Тау да, тас та, терек те, терең сай да, 
Құлшылықта аңдар да даладағы, 
Надандықтың намысын жыртқан нөпір 
Мәңгілік қараңғыға қамалады, 
Жаратқан бізді одан аулақ қылсын 
Кім онда шырақ алып жаға алады? 
Сондықтан сабырлықпен құлшылық қыл
 Сабырлылар сүйген құл саналады, 
Түңілмеген Мұхаммед үмметіміз 
Қағылса да қалтадан қара наны,
 Сол мұсылман бабалар өтті өмірден
 Құлшылық қып келгенше шамалары, 
Намазға кел, бауырым белді бүгіп 
Руханият намазбен тазарады.
 
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
2 жыл бұрын 777
0 пікір