Бәрі керісінше...
Бәрі керісінше...

Таңсәріден-ақ шыр еткен шегірткенің даусы естілер-естілмес басын жастықтан жұлып алды. Орнынан атып тұрды да пештің шоғымен ызыңдай-ызыңдай енді ғана басылған темір құманды көтеріп далаға шықты. Қақаған қаңтардың аязы адам терісінде кеткен ақысы бардай қарып жеп барады. Шәйдай ашық аспанға асылып алған жұлдыздар бірімен-бірі таласа жымыңдап, «адамдарға мен бірінші көрінейін», «сенен гөрі мен жарықпын» деген күндес әйелдердей жалт-жұлт етеді. Айналаны қараңғылық қаптап тұрса да әрбір үйдің терезесінен жанып тұрған жарық бұл өлкенің адамдары таң құзғыннан тіршілікке кіріскендіктерінен хабар беріп тұр. Әр жерден үрген иттердің даусынан көшелердің кеудесін қос аяқтарымен тепкілеген «керемет мақұлықтардың» маңызды істеріне асыға басып бара жатқандықтарын да аңғаруға болады. Осындай тіршілікке куә болудың әсерінен болса керек бәрі ояу, бұл ғана ұйқыда, бәрі сергек, бұл ғана маубас секілді  сезініп кетті де жалма-жан орындыққа отыра қалып дәрет ала бастады. Тіршілік қызып қайнап жатса да құлшылық мәселесіне келгенде бұл өңірдің адамдары аса жауапкершілікпен қарайды. Себебі, көшелерде ілінген жарнамалар көзге түсіп көңілде із қалдырары белгілі болғандықтан ел ағалары тәрбиелі, мән-мағынасы бар сөздердің ілінуін қатты қадағалайды. Әсіресе, жалаңаш әйелдер мен жалбыр шаш жеңгелердің суреттерін бұл ел ұмытқалы қашан. Сондай жарнамадан жаттап алған «Дін қиын емес, бірақ, ойын емес» деген сөз бұл өңірдің адамдарының санасында сайрайды да тұрады. Сондықтан дәрет алу, намаз оқу, ораза тұтып, садақа беру сынды құлшылықтарға ерекше көңіл бөліп, ықтиятпен орындайды. Баппен бастаған дәретін алып болғанша түнде көрген түсі еміс-еміс есіне орала берді. Түсінде жетім-жесірлерге көмектесіп жүр ма, садақа таратып, игі шараларға ат салысып жүр екен дейді, енді бірде өңкей салиқалы, жүзінен нұры тамған жамағаттың ортасында Құран оқып отырғаны келе қалды... Дәретін алып болды да, иығындағы сұр сүлгімен сүртініп алды. Ұйқысы шайдай ашылды. Енді Құдай ғұмыр берсе құптанға дейін осы сергектігінен айнымақ емес. Жылы киімін киіп алмақ болып үйге бас сұғып еді, араның ұясындай ызыңдаған дауысты естіді. Бұл отбасының мүшелері де ұйқы дегенді ұмытқан адамдардай, көздері аяттарға, қолдары Құранның тысына жабысып қалған, омартаға бал тасыған еңбекқор аралардай ызыңдап отырғандарына біршама уақыт болған. Өйткені, бұл өңірдің тіршілігі осы, тек бұл ғана емес әрбір отбасы осылай. Көтеріңкі көңіл күймен көшеге шыққаны сол еді құлағына «құр ән» Қайрат Нұртас деген «қаридың» орындауында келе қалды. Қайраттың даусы шіркін сай-сүйегіңді сырқырататын зарлы дауыс қой. Ол «оқыған құр әннің» аудио жазбаларын еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін сүйсіне тыңдайды. Тыңдамайын деуге мүлде келмейді, себебі, бұл өңірдің қай жеріне барсаңыз да сол дауысты естисіз. Асық ойнап жүрген жас балалардың өздері Қайраттың даусымен «құр ән оқып» жүргені. Базарға кірсеңіз де, таксиге мінсеңіз де құлағыңызда Қайраттың «құр ән» оқып шырқыраған даусы. Ол аз болса Төреғали, Ернар сынды жас қарилардың да шырылдай оқыған «құр әндері» құлақ құрышыңды қандырады. Қайсысын тыңдаймын десең де өз еркің. Кейде еркіңнен тыс көшеде, базарда, көлікте тыңдап қаласың. Бұл қаланың көліктерінің көпшілігі «құр ән» тыңдағанды жақсы көреді. Тіпті шет елдік қариларды тыңдағанда өздері түсініп жатпаса да, кейбір жерлеріне келгенде қозғалаңдап, арқаланып кетеді. Олардың көліктеріне күні-түні бұлай қосып қоюларының себебі, анда-санда бір мініп қалған адам тыңдап «сауапқа» кенелсін, көңілі тынышталып, өзі де жұмыстан шаршап келе жатқан адамдардың миы тынықсын деген «жақсы ой» екендігі белгілі еді. Қай жерге барсаң да құлағыңды құр тастамайтын осы әуендердің бірінен соң бірін қайталап келе жатып мешітке қалай жеткенін білмей қалды. Керемет емес пе?! Соңғы демің жақындап, жан алқымыңа келгенде Қайраттың немесе Төреғали, Ернар сынды, болмаса солар сынды небір «қарилардың» құлаққа әбден сіңіп, құлаққа емес сүйекке сіңіп кеткен даустарын салып өліп кетсең, барар жерің белгілі ғой.

Таң намазына жиналған қауымның санында шек жоқ. Қарақұрым қаптаған халық. Араларында небір танымал адамдар жүр. Әне бір әйелдер кіріп-шығып жүрген жақтан Баянды байқап қалды. Иә, иә, кәдімгі әйгілі Баян Есентаева. Ол кісі әдеттегідей орамалын омырауына дейін түсіріп, жалп еткенге жалт беретін үркек еліктердей бетін көлегейлеп алып мешітке тез-тез басып кіріп бара жатыр еді. Бұл кісінің қазақ қоғамындағы әйел адамдарға беріп жатқан тәрбиесі ұшан-теңіз. Өзі «жас қыздарды» тәрбиелеп, қоғамға қалай пайдалы жан болу керектігінің қыр-сырларын үйретеді. Жақында ғана республика көлемінде «жас қыздарды» өзінің тәрбие мектебіне қабылдау үшін іріктеу өткізген болатын. Ол жердегі шарт белгілі – қыз баланың ұятты жерлерін бүркеп, қыз балаға тән ұяңдығын сақтауы болды. Еліміздің түкпір-түкпірінен ағылып келген қыздардың санында шек болмады. Тіпті ер адамға тура қарай алмайтын қыздардың өзін жарамсыз деп тапқан Баян, ақырында бұл іріктеуді алдағы күндерде өткізуді жоспарлап отыр дегенді жаңалықтардан естіген болатын. Баянның таң намазына келіп, бүркене киініп жүргендігін көрген Айболат «Бұл кісіге шәкірт болғысы келгендер осылай таң намазынан қалмайтын қыздар болуы керек шығар» деп ой түйді. Осылай, мешіттің есігіне жете бергенде қолына құман ұстап алған бір әкімнің лыпылдап дәрет алып жатқанын көрді. Қолы қолына жұқпайды шіркіннің. Тек бұл ғана емес, небір депутаттар мен министрлер қолдарына құман алып дәрет алып жанталасып жатыр. Бұл да таңғаларлық нәрсе емес, әдеттегі жағдай. Олардың «шидей аяқтары» мен «қылдай қолдарына» қарап жұмсақ орындықта отырған лауазым иесі емес, қара жұмысқа жегіліп, әбден пісіп кеткен қарапайым жандар ма екен деп қаласыз. Қайтсін, енді елдің қамы деп жүрген кісілерге Алаштың атынан ақыретте жауап беру оңай дейсіз бе?! Жан-жүректерімен осыны сезінеді ғой, қайран азаматтар. Алайда, оларға жата-жабысып «Ойбай, басымда анауым жоқ, ойбай, қасымда мынауым жоқ» деп шағымданып жатқан халықты байқамайсыз. Қанағатқа тұла бойлары тұнған адамдар емес пе?! Шағым айтпақ түгіл оларды елеп жатқан ешкім жоқ, барлығы бейнебір ғарышқа ұшатын адамдардай әбігер болып әлдененге дайындалып жүр. Бәрінің көңілдеріне ақыретке деген сенім мықтап орнаған сыңайлы. «Артық дүние – ақыреттегі артық сұрақ» дегенді ұққан-ау, сірә. Айболат асықпай-аптықпай басып мешіттің табалдырығынан аттады. Қалың көпшіліктің арасынан бір кісілік орынға барып «мешіт ақысы», «сәлем» намазы деп атайтын екі бас намазын оқып алды да, тасбихын тартып отыра берді. Араның ұясындай гуілдеген дыбыстар тынар емес. Жиналған жұрт бос әңгіме дегенді ұмытқалы қашан!.. Әрқайсысы қолдарына Құран ұстап алып зар қағып оқып отыр. «Субханалласын» айтып ақырын айналасына көз салып еді, анадай жерде көзін тарс жұмып алып дұға жасап отырған 91-дің жігіттерін байқап қалды. Бұларға қараған сайын қызығып, осыларға еліктеп еркек болғың келеді. Сабаздарың еркек десе еркек қой, денелері кеспелтек келген шымыр, екі иықтарына екі кісі мінгендей зор. Үстілеріне батырлардың ұрпағы екендігімізді әлемге паш етіп жүрейік деп арнайы сауыт сықылды етіп тіктірген костюм киген. Тап-тақыр шаштары мен тікірейген сақал-мұрттарына қарап Исатай, Махамбет сынды батырлар отыр екен деп қаласыз. Бесеуі де бір-бірінен айнымайтын нағыз батырлар. Әсіресе, таң намаздарын осылай мешітте оқығанды ұнатады. Бүгін де әдеттегідей имамның желке тұсынан төрткүл дүниені тіреп тұрған алыптардай орын алған. Айболат оларға сүйсіне көз салды да, «Уа, Раббым, ұрпақтарымды осы азаматтардай ете гөр!» деп бет сипады. Оның бет сипауын күтіп тұрғандай азаншы жігіт әндетіп «қамат» шақырып намазға тұруға белгі берді. Барлығы жапа-тармағай сапқа тізіле бастады. Намазға келгендердің арасында небір нұрлы жүзді адамдар бар. Бәрі кішіпейіл, бір-бірін ренжітпек былай тұрсын, елікті үркітіп алмайын деген адамдардай абайлап қарым-қатынас жасайды. Әсіресе, сақалдарын қалай болса солай жібере салмай, сымпитып қойып, сақалдарына жарастыра қазақы тақия киіп, тырысып-бырысып еңкейсең жамбасыңның жартысы көрінетіндей емес, шап-шақ шалбар киіп, оның балағын шортыдай шорт еткізбей әдепке сай киінген ерекше бір жамағат бар, солардың әдептіліктері ел қызығарлық. Бұлардың сақалын көрген кезде Тұрмағамбет шайырдың «Ақылдыға шыққан сақал – жөн, ақымаққа шыққан сақал – жүн» деген сөзі есіне түсіп кетеді. Түспегенде қайтсін сақалдың қадіріне сай жүрген жандардың сақалдары «жүн сақал» емес, «жөн сақал» болып тұрса. Әсіресе, намазға қаз-қатар тізіліп жатқан кезде қасында намаз оқып тұрған кісінің аяғын басып кетпейін деп жанталасып жатқанын көргенде көңілің сүйсінеді. Тіпті намаз оқып тұрып қасыңда адам бар-жоғын ұмытып қалатындай, қасынбай, әр жерін бір шұқылап шыбындаған аттай тыпырламай тып-тыныш тұрады-ау кербезің. Олардың бар жоғын намаз аяқталып, Құран бағыштап болған соң бірақ білесің. Себебі, имам тұрмай жатып талтаңдап тәкаппарланып, табыннан қайтқан сиырлардай маңғазданып жүрген ешкім жоқ. Имам орынан тұрған соң ғана орындарынан түрегеліп, қасындағы кісінің әдеппен қолын алып, көзін төмен салып мешіттен шығып кете барғанда «әттең-ай, осылардай болғанның не арманы бар» деп қаласыз. Ал, мешіт имамына келер болсақ...

Жәә, осымен тоқтайық, қиялға қанат бітірсең самғамайтын жері жоқ-ау. «Армансыз адам – қанатсыз құс» дейді ғой, ендеше армандай берейік... Айып бола қоймас...

мешіт, адамдар, таң намазы, Ермек Есқожа, Бәрі керсінше, 91Тобы
Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
2 жыл бұрын 2369
3 пікір
  • Басында "мә, бұл қай жерде екен?" деп қалдым.
    2 жыл бұрын
  • жазу техникасың жақсы меңгерген екенсің, тақырыбыңды кеңейткенің дұрыс. Десе де мына қолтаңбаң бұрыннан бар, мына көтеріп отырған тақырыбыңа да дөп келіп тұр. Алдағы уақытта сүбелі дүниелер күтеміз, Ермек.
    2 жыл бұрын
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209