Адам болмай, мұсылман болма
Адам болмай, мұсылман болма

Адам болмай, мұсылман болма!

Бұл мәтел Құран Кәрімдегі «Бәләд» сүресіне жасалған тәфәккүрдің нәтижесі. Алла Тағала бұл сүрені ант етумен бастайды. Ұлы Жаратушымыз қандай да бір аятта ант етер болса, сол жерде өте маңызды мәселелер қозғалатындығын Құран оқып жүрген әрбір мұсылман баласы жақсы біледі. Ант етілумен басталған иләһи баян адам баласының жай-жапсары жайлы жалғасады. Өзі ардақты еткен кісі баласының психологиясынан хабар бере келе Раббымыз: 
«...Біз (адамға) екі көз бермедік пе?!»,- дейді. Не үшін? Әлбетте, жақсы-жаманды көру үшін. Көз екеу болғанымен, таным-түсінік жалғыз. Екі көз дұрыс таным-түсінікке, сау санаға себеп болатын түйсікке қарай ашылуы керек. Сол үшін адам баласы кез-келген нәрсеге екі көз, бір түйсікпен қарайды. Неліктен екі көз? Өйткені, екі көздің бірі бұрыс көре бастаса, екіншісі түзетсін десе керек. Болмаса, сана дара, түйсік жалғыз болғандықтан, жалғыз көз де жеткілікті болар ма еді?! Алайда, тыңдар болса қос құлақпен тыңдасын, бірі екіншісіне жәрдем етсін, көрер болса бір көзі екіншісіне демеу болсын деп қос-қостан сыйға тартқан. Демек, тыңдау да, көру де адам баласының таным-түсінігінің қалыптасуында өте маңызды рөл атқарады. 
«Сөйлесін деп бір тіл, қос ерін бердік!» Көз алушы қызмет атқарса, тіл берушінің міндетін орындайды. Адам баласы алып жатқан кезде өте абай болып, сақ қимылдауы қажет. Сондықан болса керек, алушы екеу, беруші жалғыз. Тіпті көздің қасына құлақты қосар болса, алушы төртеу болмақ. Алған кезде қате алатын болса, берген кезде де сол қатені екі есе қате етіп беретіндігі ғажап емес. Сол үшін қос көз, қос құлақ, жалғыз ғана тіл берілген. Тіл ғана емес, алғанын қалай болса солай ақтара бермесін, таңдап-талғап сөйлесін деп, екі ерін де берді. Ауызды жабатын жерде жапсын, ашатын жерде ғана ашсын деп мұны да жұп қылып сыйға тартқандай. 
«Сондай-ақ, оған тура жолды көрсеттік!» Яғни, Раббымыз тап-таза болмыс атты тура жолмен жолмен жүргізіп әкеліп, жол айырығына тастады. Ендігі жерде осы екі жолдың бірін таңдау еркімізге қалмақ. Ол қандай жол? Жақсылық пен жамандыққа қарай бастайтын жол. Өзімізге таңдау еркі қалдырылатын жол айырығына келгенше Алла бізге һидаят берді. Сол себепті, һидаятты дұрыс түсіну керек. Һидаят – Алла Тағаланың адам баласына көз, құлақ, қажыр-қайрат, ақыл-парасат, талап-тілек беруі һәм жақсы-жаман жолдың қалай болатындығын таныстыруы. Осылар берілгеннен кейін адам баласы не істеді?
«Алайда, адам қиын белестен асу үшін қажыр-қайрат жұмсауға дауаламады». Бұл аят жақсылыққа жету үшін кейбір нәрселерді құрбан ету керек екендігіне ишарат жасайды. Құрабан ету былай тұрсын, адам баласы бұл қиын белесті асуға тырысқан да, талпынған да жоқ. Алдында тұрған асуды көрді да: «Ойбай, мен мұндай қиындыққа беттей алмаймын» деп бір-ақ кесіп, кері бұрылды. Асуға шықпай жатып, асуға апаратын жолға қадам баспай жатып «Қолымнан келмейді» деп басын ала қашты. Егер пайғамбарлық асуын көрген пайғамбарлар оны асуға талпынбаса не болар еді? Әлбетте әрбір пайғамбар қашқын болар еді. Алайда, күллі пайғамбарлар көлденең асуға шықты. Тіпті Зәкәрия, Яхя сынды пайғамбарлар сол белестің үстінде көз жұмды. Ал кейбірін әлгі белестің артында тағы да басқа асулар мен шығуы қиын шыңдар күтіп тұрды. Бірі әкесімен, бірі баласымен, бірі аяулы жарымен, бірі туған-туысымен сыналды. Бүкіл ғұмырларын осы асуды бағындыруға жұмсады. Сол себепті арадақты пайғамбарымыз көз жұмар кезде ғана күлімсіреп: «Жылама, қызым! Әкең енді ешқандай қиындық көрмейді!» деген еді. Өйткені, өмір бойы қиындық көрді. Ал пенде баласы сол пайғамбардың үмметі бола тұра, аз күліп, көп жылайтын пайғамбарды жақсы көретініңді айта тұра неге ол асқан асуға шықпай жатып бет бұрды?..
«Қиын белестің не екенін білесің бе?» Асуы қиын белес деген:
«Ол – бір құлды яки тұтқынды азат етіп, бостандыққа қауыштыру». Демек, адамды азаттыққа қауыштыру оның асқазанын тойдырудың алдында келеді. Бостандық нан бөліп беруден бұрын болады. Ардақты пайғамбарымыздың өмірі жорықта өтті. Солай бола тұра, пайғамбарымыз тұтқындарын өмір бойы өзіне құл еткенін естідіңіз ба? Сол секілді, адамның ақылы мен ар-ожданын да құл етпеу, Алла сыйлаған азаттықта ғұмыр кешіп, ақыретте өзінің таңдауына қарай жауапқа тартылуына мүмкіндік беру де аса маңызды. 
«Немесе қиын-қыстау шақтарда ас-ауқат беріп тойындыру». Өзің аштық азабын тартып жүрген күндерде аш адаммен барыңды бөлісе алуың. Тоқ кезде бөлісу – әр адамның ісі, аш кезде бөлісу – ер адамның ісі. Алайда, бұл адам баласын азаттыққа қауыштырғаннан кейін келетінін де ұмытпау керек. «Жақсылық жасадым, енді маған құлша қызмет етесің» деген түсінікпен асқазанына салған капитал арқылы ар-ожданын тұтқындауға, ақыл-ойын кісендеуге болмайды. 
«Туыстығы бар жетімді». Бұл аяттағы «мақраба» сөзін «туыстық жағынан жақын болған жетім» мағынасында ғана емес, көңілі жарым жетім, адам баласына жақынындай болуы қажет деп түсінуге де болады. Яғни, ешбір кісі қандай да бір жетімді сыртқа теуіп, жат көрмей, «мақраба» сөзінде келгендей, жақын тартып, бауырына басуы керек. Жақсылық жасағысы келіп, ізігілікке ниет еткен кезде ең бірінші іздейтін адамы жетім болмағы ләзім. Себебі, жетім – қоғам сынағы. 
«Немесе топырақты төсеніш етіп үйсіз-күйсіз қалған міскінді тойдыру». Жай-жапсарын айтып, жағдайын түсіндіруге именетін, жақын-жұрағаты жоқ, ай сәулесін жамылғы етіп, топырақты төсеніш қылған міскінді тойындыру. 
«Сондан кейін шынайы түрде иман келтіріп, бірін-бірі сабырлы болуға және мейірімді болуға шақырып, игі кеңес беретіндерден болу». Адам болмай жатып, мұсылман болмаңдар деген мәтелге негіз болған аят та осы еді. Араб тілінде сөйлемдер мен сөйлемдердің, сөз бен сөздің арасын байланыстыратын ерекше әріптер бар. Оларды «атф» деп атайды. Бұларға «Уау», «фә», «сумма» секілді әріптер жатады. Алайда, бұл аяттың басында келген «сумма» әріпінің «уау», «фә» секілді әріптерден ерекшелігі – «тәрәхи», яғни, кейіннен болған яки кейін болатын нәрсені білдіру. «Сумма» «содан кейін» деген мағынаға саяды. Яғни, белгілі бір уақыт өткеннен кейін. Аятқа қайта көз салар болсақ, жоғарыда адам баласының атқаратын істерін адам сияқты орындағаннан кейін барып иман келтіргендердің қатарында болуға шақырады. Демек, әуелі биік белесті асуға талпынасың, адам баласын құлдықтан азаттыққа қауыштыруға кірісесің, жетімдерге қамқорлық танытасың, жоқ-жітіктерге жәрдем бересің. Адамдық негізіне сай әр адамның емес, ер адамның қолынан келетін осындай істерді атқарасың, яғни, асуы қиын белесті бағындыруға тырысасың, содан кейін иман келтіресің. Демек, қоғамда «адамгершіліктің жоғалмауы» атты жауапкершілікті арқалаған адамдар иман келтіруге лайықты жандар. «Бақара» сүресінің екінші аятының мәні де осы жерде ашыла түспек. Ол аятта: «Бұл кітапта ешқандай күман жоқ, тақуаларға жол көрсетуші» делінген. Аятта бойында осындай адамгершілік қасиеттер қалыптасқан, жауапкершілігі жоғары адамдарды Құран тура жолға салатын Кітап екенін білдіруде. Егер тақуалық, яғни, жауапкершілік атты сезім иманнан кейін орнайтын нәрсе болғанда аят, «Һудан лилмуттақин» деп емес, «Тақуан лилмуһтадин» болып келетін еді. Сол сиқты, егер аш адамды тойдыруға құлықсыз болсаң, жетім-жесірге жәрдем бермесең, жәрдем беру былай тұрсын, қағып тастап көңілін қалдырар болсаң, оқып жүрген намаздарың басыңа бәле болсын, деген мағыналарды ескертетін «Мағун» сүресі осы аяттармен бір мақсатты баяндап жатқандай. Демек, иман келтірдім дей тұра, адамгершіліктен саналған істерді атқара алмаса, яки құлықсыз болса иманынан бұрын, тақуалығын, Алланың және адамның алдындағы жауапкершілігін тағы бір тінтіп шығуы қажет. 
Исламды адамдық негізінен ада тұтып, адамгершілікті «иман келтірдім» деген сөзбен өлшеу, қоғамда жауапкершіліктен жұрдай, адамгершіліктен алыс мұсылмандардың қарасын көбейтеді. Тақуалықты (жауапкершілікті сезінуді) иманнан кейін болатын нәре деп білгендіктен әдепсіз мұсылман болуға рұқсат етілгендей, қоғамдық яки отбасылық жауапкершілікке салғырт қарауға болатындай әрекет жасайтын һәм иманын осыны ақтап алудың жолына сылтау ететін адамдардың қатары молаяды. Алайда, бұл дін қоғамның алдында да, Құдайдың алдында да жауапкершілігін толық сезінген адамдардың діні. Тақуа адам қоғамдағы әділетсіздікке «Менің қатысым жоқ» деп қарамайды. Әрдайым мен бұл жерде жауапкермін дейді. Мұзбалақ Мұқағалидың «Жауаптымын» деген өлеңі оның әрнәрсеге салғырт қарамайтын, тақуа жүректі адам екенін білдірсе керек. «Құдайдың құлымын мен, мұсылманмын» деген өлеңінен мұндай жауапты адамды жай қалдырмайтынын, күндердің күні «Һудан лилмуттақин» аяты көңіліне тақ құратындығын көрсетеді. Себебі, мұсылман адамның жүрегі пайғамбарымыз сипаттағандай құстың жүрегі іспетті. Әрбір нәрсеге салғырт қарамай дүрсілдеп тұратын жүрек. Мұндай жүрек жауапкершілік арқалаған адамдарда ғана болмақ. Қалғаны құры сөз, бос-бөстекі әңгіме.

Ермек Есқожа

Ермек ЕскожаЕрмек Ескожа
2 ай бұрын 1104
0 пікір
Блог туралы
0
29830 200 345 261 209